Қоғам

Әже өнегесі

Әже өнегесі. Бәйтерек ауылының тұрғыны Алма Қалиақпарқызы ою-өрнекпен көмкерілген құрақ-көрпе тігеді. Кейуана ұлттық қолөнерге немере қыздарын да баулып жүр. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан мұраны сиретіп алмай, ұрпақтар сабақтастығы арқылы жаңғырту керек дейді.

Жарты ғасырлық тарихы бар тігін мәшинесі ақ жаулықты шебердің қолы тиген сәтте тықылдап-ақ жөнеледі. Арасында майын ғана ауыстырып отырмаса, қазіргі тоқпен жүретін заманауиларына бергісіз. Кезінде қайын атасы сатып алып берген асыл дүниені сексеннің сеңгіріне жақындаған Алма әжей көздің қарашығындай ұстайды.

Алма Қалиақпарқызы күндегі тірліктен қолы қалт етсе ине-жібін, қайшы мен үлгілерін алып, көрпе-жастық қамдайды. Әндетіп отырып, өткеннің өнегесін еске ала отырып салған ою-өрнектің сан-алуандығы таң қалдырады. Әрқайсысын пішу – үлкен еңбек, ең алдымен – шығармашылық.

Алма Жамахаева, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Алдымен қай түстер бір-бірімен қалай үйлесетінін анықтап аламын. Мәселен, мынау қызыл түс көк түспен, ал мынау болса жасыл түспен жақсы көрінеді. Осының барлығын реттеп алған соң ғана қиып, тіге беремін.

Ұлттық қолөнерге Алма Жамаханова бертін қарай ден қойса керек. Жасында есепші болып еңбек етіпті. Отағасымен бірге 3 бала тәрбиелеп өсірген.

Алма Жамахаева, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Әжем де анам да шебер кісі болған. Олар мені құрақ көрпені тігуге үйретті. Жас кезімде жұмыста жүріп, қолым тимейтін. Зейнетке шыққан соң сүйікті ісіммен қайта айналыса бастадым.

Қазір кейуана 7 немере мен 5 шөбере сүйіп отыр. Әрқайсысын бақытты әже ерекше жақсы көреді.

Бабадан мұра болып қалған өнерді Алма әжей немере-шөберелердің бойына сіңіріп жатыр қазір. Әулеттегі қыз-келіншектердің бәрі құрақ көрпе пішуден кенде емес. Ұрпақтар сабақтастығы деп осыны айт.

Саят Ермек