Ауыл шаруашылығы

Ветеринарлар блокпосттардан өткізілетін тауарларды тексеруде

Блокпосттан өткізілетін тауар – ветеринарлардың жіті бақылауында. Қазір мамандар бекеттерде тәртіп сақшылары және дәрігерлермен бірге кезекшілік атқарып жүр. Сүт немесе ет өнімдері талапқа сай келмеген жағдайда оны ары қарай тасымалдауға тыйым салынады. Сәуір айының басынан бері  ережені елемеген 5 тұлға анықталып, жауапкершілікке тартылған.

Карантин жарияланғанан бері таңның атысы, кештің батысы дәрігерлер мен шенділер аяқтарына тік тұрып өздеріне жүктелген міндетті орындап жатыр. Олармен бірге бекеттерде ветеринария мамандары да тынымсыз қызмет етуде. Бұл жандар блокпосттан өткізілетін азық-түлік өнімдеріне қатысты құжаттар мен вирустың бар-жоғын тексереді.

Баян Жұмабекова – СҚО ветеринария басқармасының бас маманы:

– Тауар артқан жүргізушінің ең алдымен құжатын тексереміз. Кейін, өнімді қайдан алып келе жатқанын және қайда апаратынын анықтаймыз. Азық-түлік өнімдерінің салмағы мен әзірленген мерзімін де жазып аламыз.

Егер жүргізушіде тиісті құжат болмаса ше? Мұндай жағдайда тауар бекеттен өткізілмейді. Мысалы, сәуір айында 5 көлік өткізілмепті. Тәртіп бұзған жандарға 10-нан 15 АЕК көлемі аралығында айыппұл салынған екен. Бұл жағдай өзгелерге – сабақ.

–  Карантин кезінде мұндай тексеріс жүргізілгені дұрыс деп ойлаймын. Деніміздің саулығы тұтынатын тауарлардың сапасына да байланысты.

– Өзім күнде осы бекеттен өтемін. Ауылдардан жинаған сүтті қалаға тасимын. Өзіммен бірге құжатым бар.

Мұндай ветеринарлық тексеру орны қала маңында орналасқан 3 блокпостта бар.

Маржан Касымбек