МТРА жаңалықтары

Саяжай иелері бөлінген автобустардың жүру уақытына наразы

Жуырда петропавлдықтардың саяжайға баруына арналып автобустар бөлінген болатын. Алайда, тұрғындар қоғамдық көліктердің жүру уақытына шағымдануда. Қалалық әкімдік өкілдері мен “Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

Карантин режимі жеңілдетіліп, бағбандардың апталап сұраған саяжайларына баруға рұқсат етілді. Әрине, белгіленген уақыт аралығында ғана. Жергілікті билік өкілдері тіпті адамдардың қауіпсіздігі үшін апарып-әкелуді де өз мойындарына алды. Арнайы автобустар бөліп, қатынау кестесін құрды. Бірақ, кеше саяжайға мүлдем бара алмай, шағымданғандар, бүгін де наразылықтарын білдіріп шыға келді. Енді олардың көңілдері қоғамдық көліктің жүріп-тұру уақытына толмайды.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Кестені бұлай құрғанымыздың себебі таңғы 8-ден бастап автобустарды басқа мақсатта қолданамыз. Яғни, ол уақытта қоғамдық көлік төтенше жағдай режимінде еңбектенетін азаматтарды жұмыстарына жеткізеді. Мәселен, қаланың өзінде 28 мың адам қызмет ететін 1080 кәсіпорын бар.

Жалпы, тұрғындарды саяжайға дейін тасымалдауға 55 автобус қарастырылған. Бірақ, қоғамдық көліктерге лық толы күйінде қатынауға тайым салынған. Карантин талабына сәйкес олар жартылай бос болулары тиіс.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Бағбандардың барлығын саяжайларға бір уақытта апарып-әкелу мүмкін емес. Сондықтан, кей қалалықтар діттеген жеріне аздап кешігіп жетуде. Жалпы, мұндай ережелер тұрғындардың денсаулығы мен амандығы үшін қабылданып отыр. Қиын кезеңде бір-бірімізге түсіністік танытайық. Сонда ғана барлық мәселелердің шешімі табылады.

«Автокөлік одағы» қауымдастығы төрайымы ауа райы жылы қабақ танытса демалыс күндеріне арналған автобустар санын көбейтуіміз мүмкін деп отыр.

Маржан Касымбек