МТРА жаңалықтары

Подъездерді дезинфекциялау жұмысы аяқталмақ

Сәуірдің 14-інен бері арнайы әскери жиындағы сарбаздар қалада дезинфекция жұмысын жүргізген болатын. Яғни, подъезд, аялдама, балалар алаңқайлары мен қала маңындағы блокпосттардың аумағын залалсыздандырды. Отан алдындағы борышын өтеуге шыққан жандар бүгінге дейін 3,5 мың нысанды дезинфекциялап үлгерген.

Ғабит Қожахметов Отан алдында қызмет ету мен үшін үлкен абырой дейді. Азамат кезіндегі республикалық «Ұлан» гвардиясында 1 жыл қызмет еткен. Президенттің жарлығын ести сала сарбаз бірден жергілікті органға барып, облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының қатарына қосылуға өтініш білдірген. Ел алдындағы борышын өтеуге өзі ғана емес, қасындағы достарын да үндеп, ерте келген көрінеді.

Ғабит Қожахметов – СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметкері:

– Мен және қасымдағы бауырларым әскери бөлімге барып жазылып, медициналық тексерістен өтіп сапқа тұрдық. Сол үшін өте қуаныштымын. Сәуірдің басында бастадық, енді бүгін міне аяқтайын деп жатырмыз. Біз өз міндетімізді толықтай атқара алдық деп ойлаймын. Елге біздің көмегіміз тиді деп сенемін.

Кирилл Делингевич те осындай қиын кезеңде шетте қалғысы келмей, осы жігіттердің қатарына қосылған жандардың бірі. Көзге көрінбейтін жаумен күресте алдына жан салмайтын азамат күніне 7-8 нысанды залалсыздандырады.

Кирилл Делингевич – СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметкері:

– Карантин тезірек бітсе екен деп тілеймін. Сол себепті, індет таралмас үшін шаһарды дезинфекциялауды мықтап қолға алдық. Менімен бірге тағы 38 сарбаз бар.

Арнайы жиындағылар дәл осы дезинфекция жұмысына көп көңіл бөлген. Өйткені, айналаны таза ұстау – көзге көрінбейтін жауды жеңудегі ең маңызды тәсілдердің бірі. Олар жарты айдан аса подъездер, аялдамалар, балалар алаңқайлары мен қала маңында орналасқан блокпостарды залалсыздандырды.

Дәулет Толыбай – СҚО әкімінің әскери және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі:

– Арнайы жиынға қатысуға 150-ден аса адам өтініш білдірді. Олардың 39-ы қатарға алынды. Ел үшін қиын сәтте шетте қалмай еріктілік танытып, Отанына қызмет етіп жатқан жігіттерге алғысымызды білдіреміз. Бәріміз бір болып, коронавирусты жеңеміз деп сенемін.

Сарбаздар бұл жұмысты сәуірдің 14-інен бері атқарып жатыр. Бірер күннен соң міндеттерін тәмамдайды. Жігіттер осы мерзімнің ішінде қалада 3,5 мың нысанды дезинфекциялап үлгерген.

Маржан Касымбек