Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда жылу құбырлары жаңартылып жатыр

Биыл облыс орталығында 4 мың шақырымға жуық жылу құбыры жөнделмек. Бұл мақсатқа “Петропавл жылу желілері” кәсіпорны 2 млрд теңге бағыттап отыр. Мамандар ауқымды жаңғырту жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлауда.

Қалыпқа келтіру жұмыстарын энергетиктер Алтынсарин мен Совет көшелерінің арасында орналасқан №7 жылу магистралінен бастапты. Шаруаға мамандар сәуірдің 1-і күні кіріскен екен. Олар әбден тозған құбыларды, диаметрі – 600 миллиметр, ал ұзындығы шамамен бір жарым шақырымды құрайтын жаңасына алмастыруда. Бұл жұмысқа 950 млн теңгеден астам қаржы бағытталған.

Денис Возняк – “Петропавл жылу желілері” ЖШС пайдалану қызметі бас инженерінің орынбасары:

– Мердігер ұйым “Су Энергострой” серіктестігі болып табылады. Аталған компания маңайдағы нысандарды басқа магистральға қосты.

Негізі, бұл учаскеге 6 көпқабатты үй, 77 жеке баспана, №8 мектеп және шағын орталықтар кіреді. Бүгінде олардың барлығында ыстық су бар.Мамандардың айтуынша, магистральдарды қайта қалыпқа келтірудің нәтижесінде желілердің тозу көрсеткіші төмендеп, жылу шығыны біршама азаяды.

Денис Возняк – “Петропавл жылу желілері” ЖШС пайдалану қызметі бас инженерінің орынбасары:

– Бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы жылу желілерінің 70 пайызы тозған. Негізгі себеп – қаражаттың тапшылығы. Жалпы, жаңадан орнатылып жатқан құбырлар енді көп уақыт қызмет етеді. Олар 25 жылға дейін шыдас береді.

Жалпы, үстіміздегі жылы “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің мамандары 3 инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Бұл мақсатқа 2 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Оның 1 млрд-ы Совет көшесіндегі 2 шақырымды құрайтын жылу магистралін жаңғыртуға бағытталып отыр. Бұл – ең ірі жоба болмақ. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін жалғаспақ.

Дана  Ешкенова