МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды

Биыл Мамлют ауданындағы жолдардың 54 шақырымы жөндеу көреді. Бүгінде бірнеше учаскеде іс басталыпты. Шаруамен ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов танысты. Мұнда облыс әкімі диқандармен де жүздесіп, егіс науқанының жайын талқылады. Ал “Жаңа жол” шекара бекетіне бас сұққан өңір жетекшісі өлкемізге індетті қайта кіргізбес үшін мамандарға қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.

Ресеймен шекарадағы “Жаңажол” бекеті. Тәулігіне бұл жерден 150 жүк көлігі өтеді. Әр жүргізуші бойында тәжді вирустың бар-жоғына тексеріледі. Шекараны жаяу кесетіндер де мұндай тексерістен өтуге міндетті. Олардың әрқайсысы жедел жәрдем көлігімен Мамлют аудандық ауруханасына жеткізіліп, 2 күндей анализдерінің нәтижесін күтеді. Қауіпсіздік – баса назарда, өйткені біздің облыста табылған 30 науқастың екеуі дәл осы бекетте анықталған. Жақында мұндағы мамандарға жүктеме артады. Себебі, Ресейде білім алып жүрген қазақстандық студенттер көп кешікпей елге орала бастайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ресейде қазір ахуал мәз емес. Инфекция жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып жатыр. Ал ел азаматтарына Қазақстанға Петропавл арқылы келген тезірек әрі ыңғайлы. Сондықтан, қауіпсіздікке бейжай қарамай, отандастырымызды қабылдауға әзір болуларыңыз керек.

Бастысы – мұнда адам санын арттырмай, ығы-жығыға жол бермеу керек дейді әкім. Осы орайда ұйымдастырушылық жағын дұрыстап ойластыру шарт. Айтпақшы, “Жаңажол” бекеті жөнделіп жатыр. Жұмыстар биыл тәмамдалуы тиіс. Не өзгереді? Алдымен аумақ асфальтталады және бекет маңындағы қызмет көрсету нысандары да қалыпқа келтіріледі. Мамлюткаға апарар мына айналма жолға да биыл су жаңа асфальт жабындысын төсеу – жоспарда. Бұл трассаны көбіне элеваторға астық тасу үшін жүк көліктері пайдаланған. Жылдар өте тозыпты. Ал қазір ой-шұқырлардың үлкендігі соншалық, манағы ауыр көліктердің өзі жүруді қойып, алтын дәнді Мамлютканың орталық көшелерімен тасымалаудауға көшкен. Мұндай жүктемеге аудан орталығының жолдары шыдас бермесе керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл біз бұл жолды жөндейміз де, ол арқылы ауыр жүк көліктерін жібереміз. Ал Мамлютканың көшелеріне жаңадан асфальт төсеп, жүк машиналарының жүруіне тыйым саламыз. Іс жүргізілетін жолдармен тек жеңіл автокөліктер мен автобустар ғана қатынай алатын болады.

3 шақырымдық айналма жолға 440 млн теңге бөлінеді. Ал Мамлютка ішіндегі жолдарға жарты миллиард жұмсалмақ. Бұл қаржыға бас көшелердің 4,5 км-іне -асфальт, тағы 10 учаскеге қиыршық тас төселеді. Қысқасы, билік ақша аяп жатқан жоқ. Аймақ басшысының сөзінше, мұның бәрі – алдымен тұрғындардың игілігі үшін. Тұрғындар демекші, Мамлют ауданында қоныс аударушылар көбейіп жатыр. Мәселен, Есмұқандар жанұясы мемлекеттік бағдарлама бойынша былтыр Тараздан көшіп келген. Оқуын бітіріп, фельдшер мамандығын алған отанасы Айсұлу туған жерінде екі қолға бір күрек таба алмаса керек. Ал аққайыңдар өлкесі оған жұмыс та, үй де беріп отыр.

Айсұлу Есмұқан:

– Қыс бойы осында тұрдық. Бізге ұнады, ең бастысы үй жылы. Жұмысым да ұнайды. Учаскелік медбикемін. Күйеуім темір жол саласында жұмыс жасайды.

Түстіктен солтүстікке келген отандастарға арналып үш жылда облыста 2,5 мың жер үй салынбақ. 700-ден астамы биыл тұрғызылады. Қоныс аударушыларға баспана жалға беріледі. Ең бастысы – бәрі екі қолға бір күрекпен қамтылмақ. Жұмыс орындары бізде жеткілікті. Мұндай мүмкіндікті пайдаланушылардың қатары, айтпақшы, жыл санап артуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы жылдың бірінші тоқсанында 475 адам келіп отыр оңтүстіктен. Былтыр 100 ғана, үш есеге көп. Бұл ненің нәтижесі? Үй салып жатқанынымзды халық естіп, қызығушылық танытып келіп отыр. Жәні біз жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырмыз. Ерінбей жұмыс істеу керек. Үй болса, жұмыс болса басқа не керек?!

Дәрігерлер мен мұғалімдер ауылдарда жетіспейді. Одан қалды астықты аймаққа аграрлық сала мамандары да ауадай қажет. Әсіресе, заманауи техниканың тілін білетін білікті кадрлар тапшы. Сондай техниканың бірі – “Джакта” деп аталатын мына бүріккіш. Алқапқа тыңайтқыш шашатын мұндай машинаның Қазақстанда тек екі данасы бар. Бірі – бізде. Оны «Новомихайловское-2003» агроқұрылымы қыруар қаржы жұмсап алған.Ал мына К-700 көне көрінгенімен, қауқары мықты. Жаңа қосалқы бөлшектер мен 20 млн теңгеге жасалған жөндеу ескі техникаға қайта жан бітіріпті. Мұндай “тюнингтің” Құмар Ақсақаловты таң қалдырғаны соншалық, көзбен көрмекке аймақ басшысы трактордың кабинасына мінді. «Новомихайловское-2003». Бұл – өзге агроқұрылымдарға үлгі боларлық шаруашылық дейді әкім. Биылғы жазда кәсіпорын егістік алқаптарының бәріне минералдық тыңайтқыш сіңірмекші. Сол тыңайтқыштарды жасайтын өз зауыты да бар. Бұл зауыт пен су жаңа астық кептіргішті өндіріс ошағы “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша алған. Мұндай белсенді аграрийлерге өңір билігі көмектесуге әзір.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Новомихайловка ауылын гүлдендіреміз. Сіз жобалық сметалық құжатты жасасаңыз, біз селоның орталық көшесін жөндеп беруге дайынбыз. Облыс диқандары осы шаруашылықтан үлгі алуы тиіс. Өндіріс мұнда оң жолға қойылған. Былтырдың өзінде бір гектардан 30 центнер өнім алды. Тамаша емес пе?!

Облыс әкімі аграрийлермен егістік науқанының жайын да талқылады. Техника дайын, арзан дизельдік отын келіпті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең маңызды шаруа – ылғалды 100 пайыз сақтап қалу. Өйткені, жазда оның тапшы болуы ғажап емес. Тәуекелге бармай-ақ қойыңыздар. Одан да қазірден ылғалды сақтап қалуға қаражатты молынан жұмсағандарыңыз жөн.

Қамбаны астыққа кейін қалтаны ақшаға толтыруды ғана емес, агробизнесмендер өздері тұратын ауыл ағайынының жағдайын да ойлауы тиіс деді Құмар Ақсақалов.

Саят Ермек