Жол картасы

Мемлекеттік бағдарламаға уақытша өзгерістер енгізілді

“Бизнестің жол картасы – 2025”. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты аталған мемлекеттік бағдарламаға бірқатар уақытша өзгерістер енгізілді.

Жаңашылдыққа нақтырақ тоқталайы: жоба аясында кәсіпкерлерді субсидиялау мен кепілдендіру құралдары жеңілдей түсті. Қазір салалық шектеу алынып тасталған. Яғни, бүгінде кез келген істің тұтқасын ұстаған азамат қосымша ақшаға үміт арта алады. Кредиттік қолдау мөлшері де 3-тен 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Оған қоса іскер жандарға жеңілдетілген 6 пайыздық мөлшерлемемен несие рәсімдеуге мүмкіндік туып отыр. Жалпы, жыл басынан бері өңірде “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы бойынша 40 бастама субсидияланған. Бөлінген қаражат 3 жарым миллиардты құрайды. Қаржы негізінен өңдеу өнеркәсібіне бағытталған екен. Ал 19 жоба 1 млрд теңгеге кепілдендірілген.

Мереке Сыздықов – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директоры:

– Карантин уақытында кейбір кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалды. Сол себепті, Президент пәрменіне сай шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, іскер жандар белгілі бір міндетті төлемдерден босатылды. Сондай-ақ, несиені өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Қарыздар маусымның 15-інен кейін қайтарылатын болады.

Актолкын Солтанханкызы