Қоғам

ҚХА-ның қоғамдағы рөлі

Береке – бірлікте. Өңірде 100-ден аса этнос өкілі тұрады. Ұлттарды бір мүдде жолында ұйыстыруда  Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған қызметі айрықша. Петропавлдағы Достық үйінде 20 этномәдени бірлестік шоғырланған. Татулықты ту еткен ұйым өкілдері, әсіресе, жастар үшін тағылымды шараларды жиі өткізіп тұрады. Жуырда – Бірлік күні қарсаңында әлеуметтік желі арқылы “Бірлігіміз жарасқан” ән байқауын жариялады.

Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпайды. Көңілі кең, дана халқымыз өзінікі секілді, өзге ұлттардың да салт-дәстүріне құрметпен қарап, ізет танытудан шаршамаған. Мәселен, солтүстікқазақстандықтар көктемнің алғашқы күнінде Масленица мейрамын атап өтсе, ал 21-інде Ұлыстың Ұлы күнін бірлесіп тойлайды.

Татар-башқұрттардың Сабантойы, кәрістердің Чусогы мен армяндардың «Жүзім» күні. Аймақта қысын-жазы – берекелі той. Мерекелерді атап өтуге нөсерлеген жаңбыр да, жапалақтап жауған қар да кедергі келтіре алмайды.

Ал мамырдың бірі – барша Қазақстан жұртшылығы бірлік күнін атап өтеді. Бұл кезде елімізде өмір сүріп жатқан әр ұлт пен ұлыс өкілдері бір-бірінің үйіне қонаққа барып, ризашылықтарын білдіреді. Мейрамның өзі бір бөлек, онда әзірленетін тағамдарды айтсаңызшы, әрқайсысының дәмі тіл үйірмей қоймайтыны рас. Алайда, коронавирусқа байланысты биыл 1 Мамыр күні қала мен аудан орталықтарының басты көшелерінде емес, отбасы-ошақ қасында тойланады.

Мұратбек Әбішев – облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

– Алдымызда ҚХА өкілдері мен еліміздің барлық азаматтары үшін ең басты мерекесі – бірлік күні. Төтенше жағдайға байланысты қалыптасқан ахуалды барлығымыз бас қосып, “Біз Біргеміз” бағытын ұстанғанымыз маңызды.

Тұрғындардың бірі тоқымадан жасалған бұйымдармен үйін сәндеп жатса, енді бірі желілер арқылы құттықтауларын жеткізуде.

Ал өзгелері байқауларға қатысып, бақ сынап жатыр. Бір апта бұрын облыстық ҚХА-сының өкілдері Іnstagram-да «Бірлігіміз жарасқан!» вокалдық конкурсын жариялаған болатын. Оның шарты мынадай: тұрғындар өздеріне ұнаған әнді айтып, видеоны желідегі парақшаларына #birlikanksko хэштегін белгілеп салуы керек.

Ерлік Мұхамеджанов – “Қызылжар жастары” ЖҚБ төрағасы:

– Әндер қазақ, орыс және басқа да тілдерде болуы керек. Жеңімпазды қазылар алқасы анықтайтын болады.

Конкурс жеңімпазы мамырдың 1-і күні анықталады. Үздік атанған жандарға түрлі сыйлықтар табыс етілмек.