Білім

Елімізде онлайн бірыңғай сынып сағаттары өтті

Бірлік пен келісім! 130-дан аса этнос өкілін бір шаңырақ астына жинаған мемлекет. Бүгін еліміздің барлық мектептерінде 1-ші Мамыр күніне орай онлайн бірыңғай сынып сағаттары өтті. Шарада көпұлтты мемлекет болудың ерекшелігі мен ауызбіршіліктің маңызы туралы айтылды. Тәрбие сағатына әріптестерім де қатысып қайтты.

3-ші апта бойы Серік Смағұловтың жұмыс күні дәл осылай басталады. Оқулықтарды парақтап, тарих пәнінің мұғалімі балаларға археологиялық қазбалар, тастарға қашалған жазулар мен мемлекеттердің құрылуы туралы мәлімет дайындайды. Бірақ, педагогтың бүгінгі мақсаты басқа. Ұстаз бірыңғай сынып сағатына әзірлену үстінде. Онлайн шара Бірлік күніне арналған. №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені үшін мерекенің маңызы зор. Оқу ұясында 20-дан аса ұлт өкілі білім алады. 1 Мамыр күнін де олар әрдайым ерекше атап өтеді. Ал қашықтықтан оқыту мейрамды ұлықтауға еш кедергі емес.

Серік Смағұлов – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені тарих пәнінің мұғалімі:

– Мен 10 «В» сыныбының жетекшісімін. 26 оқушы білім алады. Қазақ және орыстардан бөлек, қырғыз, түрік, неміс, украин ұлттарының өкілдері бар. Балалар өте тату, ұйымшыл.

5-ші сынып оқушыларында ән-күй болып жатыр деп ойлап қалған шығарсыз. Бірақ, бұл да бірыңғай тәрбие сағаты. Физика пәні мұғалімі Саяш Қайруллина ұл-қыздармен дәл осындай форматта жұмыс істеуді жөн көріпті. «Атамекен» әнін шырқағаннан кейін, олар бүгінгі тақырыпты талқылауға көшті. Педагог алдымен оқушыларға Қазақстанның қалай көпұлтты мемлекеткеайналғанын баяндап, Бірлік күні мерекесінің пайда болу тарихымен бөлісті. Кейін кезек жеткіншектерге де жетті. Балғындар мейрам жайында білгендерімен бөлісіп, татулық пен ынтымақ туралы мақал-мәтелдерді жарыса айтты.

Саяш Қайруллина – әл-Фараби мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі:

– Бұл сынып сағатын өткізу үшін мен өз алдыма мақсат қойдым. Ел ішіндегі түрлі ұлт өкілдерінің өзара сый-құрметін арттырып, ортақ құндылықтарды насихаттау.

Бірлік күніне арналған бірыңғай сынып сағаттары бүгін ел мектептерінде онлайн форматта ұйымдастырылды.

Эльмира Садвокасова