МТРА жаңалықтары

“Біргеміз” қорынан жәрдемақы берілуде

“Біргеміз” қорынан 11 мыңнан астам петропавлдыққа 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Мұндай жәрдемақы көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілуде.

Татьяна Делль – қазір декреттік демалыста. Еліміздегі карантинге байланысты отағасы да үйде. Сәйкесінше жанұя тұрақты табысынан айырылған. Жерлестеріміз 3 бала тәрбиелеп отыр. Солардың ортаншысы – 6 жастағы Алиса есімді қыздары даун синдромына шалдыққан

Татьяна Делль – қала тұрғыны:

– “Біргеміз” қорынан отбасымызға жәрдемақы берілді. Оған өте қуаныштымын. Өзім “Солнечный дом” қоғамдық қорында жұмыс істедім. Қазір декреттік демалыстамын. 50 мың теңге көлеміндегі көмек жалғыз бізге емес, ұйымға мүшелік ететін, 30-ға жуық жанұяға көрсетілді. Олар да даун синдромына шалдыққан ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр.

Ал, Тимур Жумбаев – жалғызбасты әке. Зайыбы осыдан 6 жыл бұрын дүниеден өтіпті. Бүгінде азамат Артем мен Диана деген ұл-қызын тәрбиелеп отыр. Қала тұрғыны жуырда денсаулығына байланысты жұмысынан айырылыпты. Ендігі жалғыз күнкөрісі – толық емес отбасыға берілетін жәрдемақы екен. Оның өзі пәтерақыдан артылмайтын көрінеді.

Тимур Жумбаев – жалғызбасты әке:

– Бүгін есепшотыма 50 мың теңге түсті. Карантин кезінде беріліп жатқан мұндай көмекке өте риамыз. Алғысымды айтамын. Бізге бұған дейін де нұротандық жастар келіп, азық-түлік әкеліп берді.

Жалпы, бүгінге дейін “Біргеміз” қорынан берілетін жәрдемақыға 11 мыңнан астам петропавлдық қол жеткізген. Олардың дені – көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар.

Актолкын Солтанханкызы