МТРА жаңалықтары

Жазасын өтеушілер көкөніс өсіруде

Петропавлдағы әйелдер колониясында екінші жыл қатарынан жылыжай жұмыс істеп тұр. Мұнда жазасын өтеуші  6 бірдей адам еңбектенеді. Сотталғандар қияр, қызанақ пен тәтті бұрыш өсіреді. Көкөністен бөлек, нәзікжандылар лимон мен құрманы да қолға алмақ ниетте.

Таза ауа, жасыл шөп пен қорадағы құстардың дауысы. Нағыз ауыл көрінісі дерсіз, бірақ бұл – әйелдер колониясы. Сотталғандардың бір бөлігі дәл осы жерден таңдарын атырады. Нәзікжандылардың қамқорлығында 30 шақты тауық бар. Қыз-келіншектер құстарға жемін беріп, суын құйып, жұмыртқаларын жинайды. Кейін нағыз достарына айналған қояндарға бас сұғады.

Барлығы мұнда ұзын құлақты 40-тан аса хайуан бар. Күніне екі мәрте олар өз қамқоршыларын тағатсыздана күтеді, ал келгенде мұрындарын үйшікке тыққан қояндар кәдімгідей еркелейді.

Олеся Русак – жазасын өтеуші:

–  Бізде қояндардың 4 түрі бар. Олар: көбелек, қой мен ақ, сұр гигант деп аталады. Соңғылары 10-12 келіге дейін салмақ жинай алады. Ал құлақтары төмен салбырағандары, тіпті, 16 келіге дейін жетеді. Жануарларды күніне екі мәрте тамақтандырамыз. Қыс кезінде сабан, арпа, сұлымен қоректендіреміз. Көктем-жазда оларға дәрумен қажет болғандықтан жасыл шөп жұлып береміз.

Қоян, құстармен тіл табысуды нәзікжандылар колонияда үйренген. Ал бағбаншылық олардың қандарында бар көрінеді. Бостандықтағы хоббилерінің нәтижесі – міне. Қып-қызыл қызанақ, қияр мен тәтті бұрыш. Көкөністер мұнда жыл он екі ай өсіріледі. Колония аумағында екі бірдей жылыжай бар.

Нәзікжандылар мұнда 6 сағат бойы еңбектенеді. Бірақ, жұмыс күнінің соңына дейін минут санау деген жоқ оларда. Сотталғандар көкөністерді суарып, жерін қопсытып, өнім жинауды ауыр шаруа деп есептемейді. Керісінше, абақтының ар жағындағы туған-туыс пен отбасыға деген сағынышты бір секундқа болсын ұмытуға сеп. Әрі уақыт та тез өтеді дейді бостандыққа дейін қалған күндерді күнтізбеден сызып жүрген Олеся Русак. Келіншек есірткі сақтағаны үшін 10 жылға темір торға тоғытылыпты. Жанұясымен ол 6 жылдан соң қайта қауышады.

Олеся Русак – жазасын өтеуші:

–  Жылыжайда 6 адам еңбектенеміз. Ешбіріміздің арнайы біліміміз жоқ. Мен негізі аспаз, тігінші боламын. Бірақ, табиғатты ерекше жақсы көремін. Бостандықта да жаз бойы саяжайдан шықпайтынмын. Көкөніс, жеміс-жидек пен гүлдердің талайын өсірдім. Қазір де осы шаруаны атқарып келемін. Ол үшін жалақы да төленеді. Жиналған ақшаны отбасыма жолдаймын. Өткенде немерем Савелий 4-ке толды. Сыйлық алсын деп 5 мың теңге жібердім.

Олеся мен оның командасы кез келген өнім өсіруге даяр. Қияр, қызанақ, бұрыш былай тұрсын, нәзікжандылар шампиньонның да сырын тапқан. Саңырауқұлақтың бұл түрі жайлы жағдай таңдағыш келеді. Ол үшін бірнеше ай бойы топырақ дайындау керек. Қазір дәл сол процесс жүріп жатыр. Қаңтар айы жеткенше нәзікжандылар тропикалық өсімдіктерге ден қоймақ. Лимон мен құрма дәнін егіпті. Кішкентай ғана тал бірнеше жылдан соң үлкен ағашқа айналады деп үміттенеді олар. Барлығы қазір әйелдер колониясында 200-дей сотталған бар. Олардың 82 пайызы екі қолға бір күрекпен қамтылған.

Ерлан Мурзатаев – ЕС-164/6 мекемесі бастығының орынбасары:

– Тек сотталғандардың жалақысын төлейді. Коммуналдық қызметтердің шығынын өтейді. 01-40 Сотталғандар ол ақшаны өз туыстарына жібереді, мекеме дүкенінен өзіне керек заттарын алады және сот шешімі бойынша міндеттемелерін өтеуге жұмсайды.

Сотталғандар мұнда көкөніс өсіріп, арнайы форма тігеді, қазір маска мен қорғаныс киімін де әзірлеуде. Тағы қиыршық тас өндірісімен айналысады. Атқарған жұмысы үшін олар 40 мың теңгедей жалақы алады.

Эльмира Сәдуақасова