МТРА жаңалықтары

Жәрдемақы алатын жандардың банктік есепшоттары бұғатталмайды

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылған жандарға мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр.

Яғни, азаматтарға Президент пәрменіне сәйкес 42 500 теңгеден берілуде. Осы орайда тұрғындарға құлаққағыс. Жәрдемақы алатын тұлғалардың банктік есепшоттары бұғатталмайды. Олар өздерінің карталарынан тиісті ақшаны ала алады. Оның үстіне Үкіметтен берілген қаржы несиеге, коммуналдық төлем мен тағы да басқа бағытта ұсталмайды. Жалпы, бұғаттау туралы шешім қабылданса, екінші деңгейлі банктер сот орындаушыларына процестің мүмкін еместігі туралы хабар береді екен.

Жұлдыз Баймашева – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Дегенмен, өңірде бұғатталып қалған есепшотқа әлеуметтік көмек түскендігі туралы жағдай тіркелді. Салдарынан тұрғындар өздерінің банк карталарынан ақшаны ала алмаған. Мұндай кезде біздің департаментке жүгіну қажет. Мамандар тұлғаға шотты қайта ашып, қаражатты алуға жәрдемдесетін болады.

Дана Ешкенова