МТРА жаңалықтары

“Қызыл ай” қоғамы көмек көрсетуде

Әр отбасы мүшесіне – 50 мың теңгеден! “Қызыл ай” қоғамының өкілдері еліміздің бірнеше өңірін аралап, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіп жүр. Қайырымды жандар сәуірдің 17-сі күні солтүстікқазақстандық 136 жанұяға 23 млн теңге үлестірген. Ал бүгін тағы 61 отбасыға жәрдем берді.

Осыдан бір апта бұрын Есіл өзені арнасынан асып, Заречный кентіндегі 100-ден астам үй су астында қалды. Судың беті әлі қайтар емес, керісінше қарқын алғандай. Мұндай кезде адамдардың бірі туған-туыстарын немесе эвакуациялық қосынды паналайды. Үйлерін тәртіп сақшыларының қарауына қалдырған. Десе де, дүние-мүлкіне алаңдаған кейбір тұрғындар су басқан баспанасында қалуды жөн көрген.

Галина Мыскина – Заречный кентінің тұрғыны:

– Мен немереммен бірге тұрамын. Осыдан 4 күн бұрын үйімізді су алды. Асүй және жатын бөлмелердің еденін толығымен су басты. Қабырғалары опырылып жатыр. Жиһаздарды алдын ала полиэтиленмен орап қойған болатынбыз. Сол себепті, оларға зақым келе қойған жоқ.

Табиғат апатынан зардап шеккен отбасы мүшелеріне – 50 мың теңгеден. Мұндай көмекке Галина Мыскина да қол жеткізді. Игілікті істі Қазақстан «Қызыл ай» қоғамы атқарып жатыр. Қайырымды жандардың өңірге келгеніне 2 апта болыпты. Осы уақыт аралығында 136 солтүстікқазақстандық жанұяға 23 млн теңге үлестірілген. Ал бүгін тағы 61 отбасыға жәрдем берілмек.

Руслан Хрущев – Қазақстан «Қызыл ай» қоғамының ТЖ бойынша үйлестірушісі:

– Ақшаны Forte банктің бірреттік карточкасына салып береміз. Бір-біреуінің ішінде 50 мың теңгеден бар. Тұрғындар есепшотта жатқан қаражатты жылдың соңына дейін өз кәдесіне жарата алады. Берілген мерзімнен кейін карточка автоматты түрде істен шығады.

Теріскейден бөлек, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары. “Қызыл ай” қоғамының өкілдері осыған дейін еліміздегі су тасқыны орын алған аймақтарға барып, мұқтаж жандарға жәрдемдесіп қайтқан.

Жаны жайсаң жандар осымен тоқтап қалмақ емес. Олар ертең Заречный кентінде үйінен шыға алмай отырған өзге де адамдарға барып қайырымдылық картасын табыс етпекші. Ал алдағы уақытта Қызылжар ауданының тұрғындарына да көмек қолын созуға ниеттеніп отыр.

Маржан Касымбек