МТРА жаңалықтары

Солтүстік Қазақстанда жемқорлық деңгейі қандай

Солтүстік Қазақстанда парақорлық деңгейі қандай? Жемқорлыққа қарсы жергілікті департамент теріскейліктер арасында осындай сауалнама жүргізген. Оған мыңнан астам жерлесіміз қатысыпты. Арасында мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, студенттер мен қатардағы азаматтар бар.

Респонденттердің жартысына жуығы яки 41 пайызы, жемқорлық деңгейі өлкеде орташа деп жауап берген. 17 проценті пара беру мен пара алу бізде өршіп тұр деп санайды, ал небәрі 10 пайызы, керісінше, бармақ басты, көз қыстылық деңгейі төмен деп ойлайды екен. Әлеуметтік сауалнама нәтижелерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлік ведомство басшысы Ернар Баянғазин жариялады. Оның сөзінше, жауап бергендердің бірқатары өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланатын шенеуніктер кездеседі десе керек. Осы орайда Баянғазин мырза қарамағындағы қызметкер парамен ұсталса, сот үкімі шыққаннан кейін 10 күн ішінде бірінші басшының отставкаға кетуі міндет екенін еске салды. Сондай-ақ, ведомствоаралық отырыста облыс әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаруа бойынша өзінің штаттан тыс жаңа кеңесшісін таныстырды. Бұл лауазымға жергілікті «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатанов тағайындалды. Ол мемлекеттік органдардағы жемқорлық қаупін төмендету бойынша басқармалармен жұмыс істеп, ұсынымдар жасайды және тиісті мониторинг жүргізеді.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өкінішке қарай, өңірде жемқорлыққа қатысты жайттар тыйылар емес. Өткен жылмен салыстырар болсақ, жауапкершілікке тартылған қызметкерлердің де саны өсті. Алғашқы тоқсанның өзінде 16 факті әшкереленді. 5 адам жазаланды. 

Саят Ермек