МТРА жаңалықтары

СҚО бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды

Аулаға шығып серуендеуге болады, бірақ балаларды қараусыз жіберуге тыйым салынған. Ал саяжайларда көрші-қолаңды жиып, кәуап қуыруға рұқсат жоқ. Күні кеше облыстың бас санитарлық дәргерінің жаңа қаулысы жарияланды. Құжатта карантин талаптары жеңілдетілген, бірақ азаматтарға қауіпсіздік ережелерін ұстану – шарт.

Бұл – өңірдің бас санитарлық дәрігері Серікбай Қасмақасовтың нөмірі 12-ші қаулысы. Осы жолғы құжатта бұған дейін жарияланған талап босаңсыды. Өйткені, осымен екінші апта – теріскейде қауіпті індетті жұқтырған бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Сондықтан, карантин қағидалары сәл жұмсарып отыр.

Аулада серуен құру рұқсат етілді-ау деп балалар мен ата-аналар мәз-мейрам. Алаңқайлар доп қуып, ойынды соғып жүрген бүлдіршіндерге толы. Тек қауіпсіз ара-қашықтықты сақтап, маска тағыну – баяғыша міндет.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Кәмелетке толмаған балаларға аулаға ата-анасының қарауынсыз шығуға тыйым салынған. Өйткені, жеткіншектер ойнап жүріп, тиісті ара-қашықтықты сақтамауы мүмкін. Ал кооператив төрағалары мен үй үлкендері ауладағы ойын алаңқайларының, әткеншектер мен орындықтардың залалсыздандырылып тұруын қамтамасыз етуі тиіс.

Жыр болған саяжайларға баруға да қаулыда рұқсат етілді. Таңертең ерте және іңірде учаскелерге арнайы автобус рейстері қатынайды. Маршруттар ашық интернет ресурстарында жарияланған. Десе де, тұрғындарға пикник құрып, кәуап пісіріп, көршілерді қонаққа шақыруға болмайды. Ал жасы 65-тен асқан бағбандарға әлі де шыдай тұру керек.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Жасы 65-тен асқан зейнеткерлерге аулаға шығуға да, саяжайларына баруға да тыйым салынған. Олар тәуекел тобына кіреді. Көбінің бойында созылмалы аурулар бар яки вирусты жұқтырса, арты қайғылы аяқталуы мүмкін.

Бірқатар кәсіпорындар ашылып, дүкендердің жұмыс уақыты ұзарып, шаһарға қайта жан бітіп жатыр. Бірақ, санитарлар айтады: қауіпсіздік ережелері сақталмаса, 1 айлық қатаң карантин ертең зая кетуі мүмкін. Сондай-ақ, өңірде дертті жұқтыру қаупі жоғары 18 санатқа кіретін 37 мың жерлесімізді жаппай тексеру жалғасуда. Бүгінге дейін 8 мың солтүстікқазақстандық COVID-19-ға анализ тапсырған. Бәрінің дендері сау.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Скрининг мамыр мен маусым айларына дейін жалғасады. Тәуекел тобына кіретін 37 мың адамның бәрін коронавирустық инфекцияға тексеріп шығамыз. Сонда ғана эпидахуал белгілі болады. Қазір облыста 5 мыңнан астам тест бар, қор әлі толығады. Зертхана тәулік бойы жұмыс істейді. Күніне 500-800 сынақ жасаймыз.

Бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы күллі облысқа тарайды яки қағидаларға қала да, аудандар да бірдей бағынуы тиіс. Жұртшылық ауылдарға жол жүрмекке желіде блокпосттардың ашылуын талап етіп жатыр. Бірақ, соңғы тіркелген жағдайлардың сырттан әкелінгенін ескерсек, мамандар бұған әлі ерте дейді. Бекеттер баяғыша жұмыс істеп жатыр, кіріп-шығу қағидаларында да еш өзгеріс жоқ.

Саят Ермек