МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Асфальтты қопарып, құбырларын ауыстырып, желілерін жөндегеннен кейін тайып тұратын монополистер жауапқа тартылады. Жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, учаскені қалыпқа келтірмей кететіндер – енді жіті бақылауда! Қалалық әкімдік ордер берген әрбір компанияны автоматты түрде тексеретін болады. Тиісті шаруа жоспарға сай атқарылмаса, кәсіпорындарға айыппұл салынады.

Жылыту маусымына дайындық туралы жаз бойы айтылады. Ескертулер жасалады. Бірақ, әлі күнге дейін құлақ аспайтындар бар. Былтыр қауырт кезеңге тұрғын үйлердің 8 проценті осылайша әзірліксіз аяқ басқан. Салдарын олар қыс келгенде көрді. «Үйіміз суық» деп қыс басталғалы 133 қала тұрғынынан шағым келіп түскен. Анықталғандай, бірі жуып-шаю жұмыстарын жүргізбеген, енді бірі үйдегі жылу жүйесін өзі өзгертіп тастаған. Десе де, өткен жылғы маусыммен салыстырар болсақ, шаһарлықтардың арызы 40 пайызға төмендепті. Оң көрсеткіш деп жылу құбырларындағы жарылыстардың азаюын да атап өтуге болады. Бұның барлығы – жаңғырту жұмыстарының нәтижесі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге қаржы жыл сайын бөлініп келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда «Севказэнерго» аталған мақсатқа 24 млрд-қа жуық қаражат жұмсады.

Шаруаны істеуін істейді. Жуырда ғана төселген асфальтты қопарып тастап, құбырларды ауыстырады. Жаңғырту жұмысын аяқтаған соң учаскенің астан-кестенін шығарып тайып тұрады. Барлығымызға таныс жағдай, солай емес пе? Жауапсыздық танытатын компаниялардың салғырттығынан жақын маңдағы үй тұрғындары зардап шегеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2019 жылы 254 ордер берілді. Бүгінде олардың тек 145-інде ғана «жұмыс аяқталды» деген белгі бар. Қалғандары қайда қарап отыр? Неге тиісті жұмысты атқармайды? Жөндеу аяқталғаннан кейін аббаттандыру шараларын жүргізуге міндетті ғой. Учаскені қалыпқа келтіру былай тұрсын, компаниялар соңдарынан материал қалдықтарын да жинамай кетеді.

Алдағы уақытта ордер алған компаниялардың жұмысы автоматты түрде бақылауға алынады. Шаруаны жоспарға сай атқара алмадың ба, айыппұл төлеп, әкімшілік жазаға дайын бол. Өңір жетекшісі кәсіпорындардан бөлек, әкімдік өкілдерін де сынға алды. Жергілікті атқарушы билік пен монополистер өздігінен жұмыс істейді. Сондықтан, жаңа ғана төселген асфальт бірнеше рет қопарылады. Бұған жол берілмеуі тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қала бойынша астан-кестені шыққан учаскелер аз емес. Жақын арада барлығын қалыпқа келтіріңіздер. Ордерлерді автоматты түрде бақылау, әрине, қажет. Бірақ, ол іске қосылғанша өздеріңіз барып, шаруаның атқарылуын қадағалаңыздар. Біз шаһардың тұрғындар үшін ыңғайлы болғанын қалаймыз. Ал монополистердің ойларына келгенін істеуге жол бермейміз. Іске жауапсыздықпен қараған компаниялардың барлығына айыппұл салу керек.

Елді мекендегі нысандардың жылумен қамтамасыз етілуі де – ерекше назарда. Былтыр Бескөлде орталықтандырылған жүйеге 450 тұрғын қосылды. Ендігі кезек – Саумалкөлде. Айыртау ауданының орталығында бой көтеретін қазандық бірқатар нысандарды жылумен қамтымақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаржыландыруды біз 5 есеге арттырып отырмыз. Биыл 500 млн теңге бөлінеді. Осылайша, жағымды өзгерістерді 8 ауданның 2600-ден аса тұрғыны сезінетін болады. Айта кету қажет, 2019-шы жылдың соңында ауылдарда орналасқан екі қабатты үйлердің мәселесін қарастырдық. 38 баспананы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосамыз деп шештік. Биыл тағы резервтен ақша тауып, олардың санын 53-ке дейін жеткіздік.

Қазандықтардың пайдасын бюджеттік ұйымдар да молынан көріп жатыр. Былтыр нысандар қазынаның 220 млн теңгесін дәл осы себептен үнемдеп қалыпты. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыру қажет. Шаруа Уәлиханов пен Ақжар аудандарында сылбыр атқарылуда. Жылыту жүйесіне қатысты тағы бір ескеретін жайт. Мектептердің ішінде орналасқан қазандықтарды нысанның сыртына шығару керек. Бұл ең бірінші кезекте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған шаруаны соңғы 3 жылдың ішінде 46 білім ошағы атқарыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңірдегі 13 мектеп әлі күнге дейін электр көзімен жылытылады. Мұндай коммуналдық қызметке қыруар қаржы жұмсалады. Үстіміздегі жылы білім ошақтарының жылыту жүйесін өзгерту қажет.

Өңір бюджетінен ветеринария саласына да қыруар қаражат бөлінуде. Импортталатын төрт түліктің тексерісі, вакцинация мен санитарлық қауіпсіздік. Бұл – күн тәртібіндегі екінші сұрақ.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– 2019 жылы ветеринарлық шараларды жүзеге асыруға 1 млрд теңге бөлінді. Биылғы бюджетіміз 819 млн-ды құрайды. Сондай-ақ, қазір сіздің тапсырмаңыз бойынша облысқа мамандарды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Былтыр 14 түлекті екі қолға бір күрекпен қамтыдық. Тағы 14-і – солтүстікке қоныс аударғандар.

Ағымдағы жылы да 2 адам жұмысқа орналасыпты. Алайда, ветеринар тапшылығы әлі де өзекті.

Эльмира Садвокасова