COVID-19: Қазақстан

Мамырдың басында 2 науқас індеттен айығады

Қазір Петропавлдағы инфекциялық стационарда баяғыша 4 науқас коронавирустан емделуде. Дәрігерлер мамырдың алғашқы аптасында 2 адамды аурудан құлан таза айықтырып, үйлеріне жібермекші.

Бұл – Мәскеудегі инфекциялық госпитальдардың бірі. Тәжді вирусты жұқтырған жаңа науқастар мұнда күнде түсіп жатыр. Иә, көрші Ресейдегі ахуал тіпті мәз емес. Өткен бір тәуліктің өзінде індет белгісі шамамен 6,5 мың адамнан табылған. Жартысына жуығы – мәскеуліктер. Қауіпті дерт көп адамның бойындағы созылмалы ауруларды ушықтырып жатыр, сондықтан ресейлік ақхалаттыларға оларды арнайы бокстардан бірден жан сақтау бөліміне жіберуге тура келуде. Мұндағы басты көмекші – ИВЛ, яғни өкпені жасанды желдететін аппарат.

Руслан Төлентаев – бірінші қалалық аурухананың реаниматолог дәрігері:

– Егер өкпені жасанды желдету барысында қан оттегімен қажетті көлемде қанықпай жатса, пронация жасалады, яғни, пациентті етбетіне жатқызуға тура келеді. Осының арқасында оксигенация жақсарып, оттегі қанға тиісті көлемде жетеді. Коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істейтін ресейлік мамандардың мәліметінше, мұндай пациенттер 1 ай көлемінде жасанды желдетуді қажет етеді.

ИВЛ апараттары бізде де бар. Жуырда Петропавлдағы бірінші аурухананың инфекциялық бөлімшесі мұндай 5 жаңа қондырғымен толықты. Қазір тек мәскеудегідей емес, кереуеттердің барлығы – бос тұр. Мамандар әзірге оларды қолданбады, өйткені, вирустан емделіп жатқан 4 науқастың бәрінің жағдайы тұрақты. Дегенмен, дәрігерлер кез-келген сценарийге дайын және төтенше жағдай режиміндегі жұмысқа еттері үйреніп қалыпты.

Наталья Помазанова, бірінші қалалық аурухананың инфекционист дәрігері:

– Жұмыс кестесі күрделі. Бұған дейін емханада инфекционист болып, 8-ден 3-ке дейін амбулаторлық қабылдау жүргізетінмін. Ал мұнда таңғы, күндізгі және кешкі кезекшіліктерге шығуға тура келеді. Бірақ, үйреніп келе жатырмыз. Тек үйге тезірек оралып, отбасымды көргім келеді, балам мен жұбайымды сағындым.

Жанұямен жүздесер күн алыс емес сыңайлы. Төтенше жағдай мен карантин аяқталар күнді мұндағылар асыға күтіп жүр. Инфекциялық стационарда емделіп жатқан 4 науқастың екеуін мамырдың алғашқы күндері үйлеріне жіберу жоспарланып отыр. Қалған екеуінің қашан айығатыны әзірге белгісіз.

Бердімұрат Баймұқан