Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биылғы жол жөндеу жоспары ауқымды

Биыл СҚО-да жол жөндеуге 39 млрд теңге бағытталып отыр. Тиісінше, құрылған жоспар ауқымы да кең. Үстіміздегі жылы өңірде 800 шақырымға жуық жол жөндеу көреді. Қалыпқа келтіру жұмыстары негізінен аудан орталықтарын, аудан және ауылішілік аумақтарды қамтымақ.

Бүгінде Солтүстік Қазақстандағы жолдардың жалпы ұзындығы 9 мың шақырымды құрайды. Оның 2 мыңға жуығы – республикалық, қалған бөлігі облыстық және аудандық маңызға ие. Өңір жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жыл сайын облыстық және республикалық қазынадан қыруар қаржы бөлінеді. Бұл мақсатқа қарастырылған қаражат көлемі көбеймесе, кеміген емес.

Тимур Ауелов – СҚО жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 30 млрд теңге бөлінген болатын. Биыл бұл сома 9 млрд-қа артты. Қарастырылған көлемнің 24 млрд-ы жергілікті маңызы бар жолдарға бағытталады.

Биылғы жоспар бойынша облыс аумағында 770 шақырым жол жөндеу көреді. Қалыпқа келтіру жұмыстары негізінен аудан орталықтарын, аудан және ауылішілік аумақтарды қамтымақ. Дәл қай ауыл көркейе түсетінін Тимур Ауелов дөп басып айту әлі ерте дейді. Белгілісі, Тимирязев, Ғ.Мүсірепов пен Уәлиханов аудандарында тоз-тоз болған жолдар күрделі жөндеуден өтеді.

Тимур Ауелов – СҚО жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Сондай-ақ, Саумалкөл-Новоишим тас жолы мен Покровка-Корнеевка-Горное учаскесінде жаңа асфальт төселеді. Петропавл мен Мамлютка қалаларын жалғайтын жол да биыл дайын болады. Ал Петропавл-Қорған бағытындағы тас жол әлі қалыпқа келтіріліп жатыр.

Алдағы уақытқа жоспарланып отырған қауырт шаруа барысында біраз жұмыс орны құрылады. Мәселен, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жол салуға қосымша мың жарым адам тартылмақ.

Еске сала кетейік, СҚО-да жергілікті маңыздағы жолдардың 65 проценті қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланады екен. Діттеген іс тәмам болғанда бұл көрсеткіш 69 процентке жететін көрінеді. Меже 70-ке қарай жақындай түсетінін ескерсек, мамандардың тілімен айтқанда арадағы төрттің өзі үлкен шаруа сыңайлы.

Дана  Ешкенова