БілімҚұрылыс

Архангельское орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Қызылжар ауданындағы Архангелськое орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2 қабатты нысанды жаңалауға ел қазынасынан 49 млн теңге бөлінген. Жалпы, биыл өңірде 100 білім мекемесі жөндеу көреді деп межеленіп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 5 млрд теңге қарастырылған.

Биыл Архангельское орта мектебіне 40 жыл толды. 2008 жылы білім ұясының шатыры ауыстырылғаннан басқа өзге жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Нысанның кейпі биыл көркейе түседі. Мұнда терезелер мен есіктер, екінші қабаттың едені жаңартылады.
Мектепте қалыпқа келтіру жұмыстары біртіндеп жүріп жатыр. Мамандар істі шағын орталықтың терезелерінен бастапты. Себебі, карантин аяқталған соң балақайлар осында қайта оралады.

Сергей Гренадёров, Архангельское орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Биыл жөндеу жұмыстары ерте басталды. 15 терезенің алғашқы легі сәуірдің 23-інде жеткізілді. Келесі күні тағы 15 данасы әкелінді. Бүгінде 30-ға жуығын орнатып қойдық. Бұл жұмыстарды “Строй-Сервис” құрылыс компаниясы атқарып жатыр.

Жалпы, 2020 жылы Қызылжар ауданында 8 мектепте күрделі және 4-уінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Амангелді Әбдірахманов, Қызылжар ауданы білім бөлімінің басшысы:

– Күрделі жөндеу жұмыстарына 523 млн 365 мың теңге, ал 4 мектептің ағымдағы жөндеуіне 34 млн 33 мың теңге бөлінді. Ауданда 12 оқу ошағын қамтитын шаруаға барлығы 557 млн 398 мың теңге бағытталған.

Айта кету керек, биыл өңірде 100 мектеп жөндеу көрмек. Бұл мақсатқа 5 млрд теңге қарастырылған.

Актолкын Солтанханкызы