МТРА жаңалықтары

Төтенше жағдайдың ұзартылуына қатысты белсенді азаматтар не дейді?

Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцина жасап, отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алу керек. Кешегі мәлімдемесінде ел Президенті Үкіметке осындай пәрмен берді. Ал азаматтардан Мемлекет басшысы жауапкершілік пен шыдамдылық танытуды сұрады. Өткені, карантинді сақтамасақ, індеттің жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін.

Мәлімдемесінде Президент Төтенше жағдай 11-ші мамырда аяқталады деді, тек пандемия қайта өршіп кетпесе. Осы орайда жауапкершілік дәрігерлер, полицейлер мен билікке ғана емес, қатардағы жұртшылыққа да қатысты. Қанша дегенмен, карантин шараларына үстіртін қарайтындар баршылық. Осы орайда белсенді азамат Жанат Мұхамеджанов өзге елдердегі ахуалды мысалға келтіре отыра, әлден жағаны жайлауға жібермей, сақтық таныту қажет дейді.

Жанат Мұхамеджанов – “СҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы” ҚБ мүшесі:

 – Испания, Италия, Түркия, Иран мен АҚШ мемлекеттерін қарайықшы. Технологиясы мен медицинасы дамыған елдердің өзінде бұл аурудың алдын алу мүмкін болмай отыр. Яғни, қазіргі күні карантин шараларын алып тастағанның өзінде халық бір-бірімен тығыз байланысқа түсе отыра ауруды өршітіп алуымыз мүмкін. Сол себепті, вирустың алдын алу мақсатында барлық тиісті шаралар атқарылып жатыр деп ойлаймын.

Әлемді әбігерге салып отырған COVID-19-дың вакцинасы ерте ме, кеш пе жасалып, саудаға шығады. Сонда Қазақстан шетелдің дәрі-дәрімегі бізге қашан келеді екен деп күтіп отырмауы тиіс деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өзімізде неге жасамасқа?! Президент иммунобиологиялық препараттарды әзірлеуді бастау керек деп санайды. Сондай-ақ, ауруды анықтайтын тест жүйесінің өндірісін де қолға алған жөн.

Юрий Белоног – облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Бұл – өте маңызды қадам. Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындардың жаппай скринингіден өтетітін ескерсек, реактивтер бізге керек. Бірақ, тест жүйесін әзірлеу – оңай шаруа емес. Нақты эпидемиологиялық ахуалды білу үшін сынақтар дәл болуы тиіс.

Бұл пандемия отандық медицинадағы біраз кемшін тұстардың бетін ашты. Президенттің сөзінше, дағдарыс біткеннен кейін салаға үлкен мән берілетін болады. Ал әзірге, елді дендеген індетпен күресіп жатқан ақхалаттыларымыз қолдау көріп жатыр – қаржылай да, моральдық тұрғыда да. Төтенше жағдай аяқталды делік, одан кейін не болмақ? Экономика біраз зардап шекті, сондықтан Қазақстан дағдарыстан кейінгі кезеңге әзір болуы тиіс. Мемлекет басшысының сөзінше, Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар дайындайды.

 

 

 

 

Саят Ермек