Көлік және жолдар

Петропавлда 27 көшеге шұңқырлық жөндеу жүргізілмек

Маусым айының соңына дейін Петропавлда 27 көшеге шұңқырлық жөндеу жүргізілмек. Ойлы-қырлы жерлерді қалыпқа келтіру жұмыстары 7 мың шаршы метр аумақты қамтиды екен. Пушкин көшесінде бастау алған қауырт шаруа барысын әріптестерім көріп қайтты.

Көлік ағыны, ауа райының әсері, сапасы да бар – әйтеуір, уақыт табымен тесіліп қалған жол бөліктерін жамау Пушкин көшесінде жүріп жатыр. Шаруа кеше басталып кеткен екен. 10 маман мен сонша техника жұмылдырылған іс 4 күннің ішінде аяқталуы тиіс. Ойлы-қырлы жерлерді түзеу жұмыстарын жүргізе отыра Пржевальский көшесіне дейін жету межеленіп отыр.

Дмитрий Подсвиров – “Жол Құрылыс” ЖШС шебері:

– Біз таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс істейміз. Алдымен шұңқыр болған жердің аумағын ескі асфальт қалдықтарынан тазартамыз. Тегістеп барып жаңа материал құямыз.

Бұл жұмыстар Нұрсұлтан Назарбаев, Жамбыл Жабаев көшелерінде де жүргізілмек. Ойдым-ойдым жерлер тұрғындардан түскен арыздар бойынша анықталыпты. Көп жағдайда көлігі бар жандар шағымданған көрінеді. Олар жасалып жатқан істің сапалы болғанын қалайды.

Азамат Шарипов – қала тұрғыны:

– Жолдың жағдайы соңғы 5-6 жылда жақсарып келе жатқаны сөзсіз. Мамандар тұрғындардан түскен өтініш бойынша тиісті жұмыс атқарып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Тек барлығын жауапкершілікпен атқарып, сапасына баса көңіл бөлсе екен дейміз.

Шұңқырлық жөндеу облыс орталығында 27 көшеде жүргізілмек. Бұл іс маусым айының соңында тәмам болмақ.

 

 

Актолкын Солтанханкызы