МТРА жаңалықтары

Өңірдегі карантин режимі жеңілдетілді

Өңірде коронавирус инфекциясының соңғы жағдайы 3 апта бұрын тіркелді. Қалған жайттар облысқа сырттан келгендерден ғана анықталған. Бұл – талабы қатаң карантиннің нәтижесі. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастағандықтан, аймақта режим жеңілдетілуде. Бүгіннен бастап жұмысын жандандыратын кәсіпорындардың қатары артты.

Кеше Президент үндеуінде айтқандай, бірқатар өңірде карантин режимі жеңілдетіледі. Бұл шараны уақытылы енгізген / СҚ / тізімде бар. Бүгіннен бастап жерлестеріміз қалыпты өмірдің дәмін қайта сезіне бастайды. Яғни азық-түлік дүкендері мен супермаркеттердің жұмысы жалпы 3 сағатқа ұзарды. Сауда павильондарына таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін баруға болады. Қызметтеріне 45 мың адам оралмақ. Осылайша, өңірде төтенше жағдай режимінде жұмыс істейтіндердің жалпы саны 176 мыңды құрамақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Президенттің тапсырмасына сай, бірінші кезеңде жөндеу және құрылысқа тартылатын кәсіпорындар ашылады. Жол жөндейтін және жүк тасымалдаушы компаниялар, асфальт зауыттары өз қызметіне кіріседі. Аймақтағы үлкен құрылыс компаниялары жұмысын тоқтатқан емес. Енді шағын құрылыс компаниялары да ашылады.

Сәйкесінше, құрылыс маусымы да бастау алмақ. Мамандарды ауқымды жұмыс күтіп тұр. Биыл аймақта әлеуметтік маңызы бар 377 нысан жөндеу көреді деп жоспарланған. Шаруаға екі қолға бір күрекпен қамтылмаған 6,5 мың солтүстікқазақстандық тартылады. Тағы ғимараттарды қалыпқа келтіруге студенттер мен уақытша табысынан айырылған вахташылар да шақыртылуда. Барлығына бір талап – санитарлық нормаларды қатаң сақтау. Дезинфекция шараларын жүргізіп жұмысқа өзге де бизнес өкілдері қайта кіріспек.

Сәуірдің 28-інен бастап өңірде
– адвокат кеңселері,
– автожуу,
– шиномонтаж,
– техникалық қызмет көрсету станциялары,
– химиялық тазарту,
– техника жөндеу нысандары қайта ашылады.
Тұрғындар аталған қызметтерді тек өз аудандарында орналасқан нысандардан ғана алулары тиіс.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына да қатысты өзгерістер бар. Мекеме мамандары жұмыстарына оралуда. Олардың көмегіне тек бизнес өкілдеріне ғана жүгіне алады. Қуантарлық жаңалық бағбандар үшін де жоқ емес. Жазғы үйлерге барып, көкөніс отырғызуға рұқсат етілді. Қияр, қызанақ пен картоп егемін деген қала тұрғындары бүгін таңертең-ақ саяжайға аттанды. Бұл ретте жерлестеріміз үшін шектеулер бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Таңғы 5-тен 8-ге дейін арнайы автобус рейстерімен саяжайға баруға болады. Жеке көлікпен таңғы бестен жетіге дейін жете аласыз. Күндіз саяжайға баруға тыйым салынады. Жеке көлікпен кешкі бес пен жеті аралығында үйге жету керек. Кешкі бестен сегізге дейін автобуспен үйге оралуға мүмкіндік беріледі.

Таза ауамен демалып, аулада қыдырамын деген тұрғындардың құлағына алтын сырға! Асыр салып ойнап, үй маңында серуендеуге рұқсат берілді. Бірақ, далаға тек таңғы 9 бен кешкі 8 аралығында шығу қажет. Әрі маска мен перчатка киюді ұмытпаған жөн. Қауіп әлі де бар. Сондықтан, әр адам өзінің және өзгенің денсаулығы мен өмірі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті жерлестер! Біз, міне, 25 күн карантин режимінде өмір сүріп жатырмыз. Әрине, оңай емес. Алайда, бұл – уақытша қиындықтар. Шыдамды болған өңір тұрғындарына алғысымды білдіремін. Сіздерден уақытша қиындықтар үшін кешірім сұраймын. Барлық шектеулер адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова