Халық тарих толқынында

Ерлікке тағзым

ҰОС басталған уақытта жергілікті жалғыз жоғарғы оқу орны – яғни Петропавл мұғалімдер институтының ашылғанына небәрі 4-ақ жыл болыпты. Сол кезде білім алып жүрген жастардың біразына қолға қару алып, майданға аттануына тура келді. Адамзаттың қабырғасын қайыстырған сол бір жылдар туралы мәлімет бума-бума қағаздарда жазулы. Уақыт табымен сарғайған құжаттар / М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың архивінде сақтаулы жатыр.

1937-ші жылдың 1-ші қыркүйегінде Петропавлда тұңғыш рет мұғалімдер институты жұмысын бастайды. Алайда, ол кездері жоғарғы оқу орнына арналған ғимарат болмапты. Сол себепті, сабақ қалалық мектептердің бірінде өткізілген екен. Бастапқы жылдары онда 211 адам жаратылыстану-жағрапия және тарих мамандықтары бойынша білім алады. Кейін 41 жылы кенеттен соғыс басталды деген суық хабар жетеді. Мұны естіген жүздеген солтүстікқазақстандық майданға аттанған. Жауынгерлер қатарына институт студенттері де өз еркімен қосылыпты. Жігіттермен бірге қыздар да қолдарына қару ұстап, туған жерді жауыздардан қорғауға барады.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Мәселен, Хамита Ахмедина деген қыз сол кездері тарих факультетінің 2-ші курсында білім алып жүріпті. Бойжеткен соғыс басталғаннан кейін екінші күні оқудан шығу туралы арыз жазған екен. Ол да өз еркімен майданға аттанған. Ковалев, Вакулин, Землятдинов сынды студентер де майданға жіберуге өтініш білдірген.

Соғысқа институттың 13 мұғалімі де аттанған. Ел үшін, жер үшін жан аямай шайқасқа түскен жандар жайлы мәліметтер мына бір қағаздарда тайға таңба басқандай етіп түртілген. Сол кездері ең негізгі деген ақпараттар баспа машинасымен жазылыпты. Ал институттың оқыту жүйесі туралы дерек қағаз бетіне қарапайым қаламмен түсірілген.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

 – Құжаттарға назар сала отыра талай жыл өтсе де оқу жүйесінде айтарлықтар өзгерістер болмағанын байқайсыз. Соғыс кезінде жоғарғы оқу орнында сабақтар жалғаса берген. Студенттер дәл бүгінгі күндегідей сессия тапсырып, дипломдық жұмыстарын қорғапты.

Ұлы Отан соғысына өңірден 70 мыңнан астам солтүстікқазақстандық шақыртылған. Неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқаста 32 мыңдай теріскейлік қаза табады. 30 мыңы туған жерге оралады. Ал жүздеген жан із-түссіз жоғалып кеткен.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек