Денсаулық сақтау

Емдеу мекемелеріне қатысты өзгерістер

Сейсенбіден аймақта ауруханаға жоспарлы түрде жатқызу мен консультациялық-диагностикалық көмек беру қайта жанданды. Осыған дейін аталған қызметті тек шұғыл көмекке мұқтаж жандар ғана алған болатын.

Карантин режимі кезінде мамандардың қарауына барамын деген науқастардың саны аз емес. Бүгіннен-ақ, жерлестеріміз дәрігерлерінен тиісті ем-дом шараларын алды. Әзірге, қызметтер тек кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық жүйе аясында көрсетілуде. Ол үшін терапевтен нұсқама қажет. Әрі бетперде мен перчатка киюді де ұмытпаған жөн.

Нурлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Дәрігерлердің көмегіне өңірдегі 40 емдеу мекемесіне барып жүгінуге болады. Барлық ауруханалар әлеуметтік сақтандыру қорымен келісімге отырған. Құжатта көрсетілгендей, әрбіреуі санитарлық эпидемиологиялық талаптарды орындауға міндеттелді. Айта кету қажет, барлық емдеу мекемелері провизорлық жағдайда жұмыс істейді. Ақ халаттылар қорғаныс костюмдерінде еңбектенуде.

 

Эльмира Садвокасова