Құрылыс

Биыл Петропавлда 9 көпқабатты үйдің құрылысы басталады

Биыл Петропавлда 9 көпқабатты үйдің құрылысы бастау алады. Қазіргі күні тағы 6-уы тұрғызылуда.
Сонымен қатар, жыл соңында 4 жалдамалы үй пайдалануға беріледі. Оның екеуі – Береке ықшам ауданында, қалған қос нысан Чкалов көшесінің бойында салынып жатыр.

Жас Өркен – қаладағы тез дамып келе жатқан ықшам аудандардың бірі. Бүгінге дейін мұнда Оқушылар сарайы, Спорт сарайы секілді ғимараттар бөй көтерді. Биіктігі аспанмен таласқан көпқабатты зәулім баспаналар да салынуда. Мәселен, мына 18 қабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын қалыпты.

Ал оған қарама-қарсы Жамбыл мен Петров көшелерінің қиылысында 16 қабаттан тұратын жаңа бір нысан бой көтеріп келе жатыр. Құрылыс алаңындағы істі қадағалайтын маман – Бауыржан Кушешов 3 жылдан бері осы салада бригадир болып қызмет атқарады екен. Өз ісінің шебері шаһарда бұдан да бөлек еңселі құрылыстардың жұмысын басқарған.

Бауыржан Кушешов – «Альфа-Север» ЖШС бригадирі:

– Мен осындағы шаруаның бәрін қадағалаймын, қай жерде не істеу керек, қызметкерлерге жұмыс барысында тиісті нұсқаулықтар айтып түсіндіріп жүремін.

Қазіргі уақытта мұнда 35 адам еңбек етіп жатыр. Олардың 27-сі күндіз шықса, қалған 8-і – түнгі ауысымда. Құрылыс тұрғын үйлерге жақын болғандықтан, бетон құю, сондай-ақ, ауыр техникамен атқарылатын шулы жұмыстар күндіз жасалады. Ал кеш қарайғанда қызметкерлер тек ішкі шаруамен ғана айналысады.

Андрей Капустин – «Альфа-Север» ЖШС директоры:

–  Құрылысты былтыр күзде бастадық. Оған 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қазір қабырғаларын көтеріп жатырмыз. Келесі аптадан кірпіштерін қалап бастаймыз. Және әрлеу, электрика, сантехника жұмыстарын жүргіземіз. 16 қабатты үйдің ішінде 96 пәтер болады. Нысанды жыл аяғында тапсырамыз.

Мамандардың айтуынша биыл және алдағы жылы Петропавлда 30 көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Оның 19-ы мемлекеттік бағдарлама аясында болса, қалған 11-інің құрылысы жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асады.

Серік Мақсұтұлы – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Жалпы, биыл құрылысқа облыстық бюджеттен 31,5 млрд теңге бөлінді. Оның 12,5 млрд-ы – «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы аясында. Қазір қалада 6 көпқабатты үй салынып жатыр. Алдағы уақытта тағы 9 үйдің құрылысын бастаймыз.

Бұл баспаналардың кілті кімге бұйырады? Мемлекеттік бюджеттің қаражатына 19 үй салынады дедік жоғарыда. Яғни, оның 15-і – несиелік баспана. Оны кезекте тұрған адамдар сатып ала алады. Ал қалған 4-уі – жалдамалы. Екеуі – Береке ықшам ауданында, қалған қос нысан Чкалов көшесінің бойында салынып жатыр. Бұл үйлерге биыл әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы адамдар мен көпбалалы аналар кіреді.

 

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан