Денсаулық сақтау

Уәлиханов ауданының тұрғыны бәкі мен оттық жұтып қойған

Карантиннің әсері ме әлде отбасыдағы тұрақсыздық па? Сәуірдің 26-сы облыстық аурухананың дәрігерлері Уәлиханов ауданының тұрғынына ота жасады. Хирургиялық жедел көмек бәкі мен оттықты жұтып қойған азаматқа көрсетілген.

Оқиға сәуірдің 26-сы орын алыпты. Отбасылық жанжал 67-ші жылы туылған уәлихановтық азаматтың жүйкесін әбден жұқартқан көрінеді. Ұрыс-керістен соң азамат қатты эмоцианалдық күйзеліске ұшараған. Салдары сол – бірнеше сағаттан соң, ол операция бөлімшесінен бір-ақ шықты. Ер адам өз еркімен бәкі мен оттық жұтып қойыпты.

Гүлнәр Сайлау – СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– Облыстық көпбейінді аурухананың хирург дәрігерлері санавиация бойынша Уәлиханов ауданына жеткізілді. Дәрігерлер сол ауданның 1967-ші жылғы тұрғынына операциялық жолмен көмек көрсетті. Қазіргі кезде науқастың жағдайы тұрақты. Аудандық ауруханада ем-дом қабылдап жатыр.

Ер адамның психологиялық ауытқуы жоқ дейді мамандар. Осыған дейін науқас ешбір жерде есепте тұрмапты. Жерлесіміздің мұндай қадамға баруына жанжалдан бөлек, карантин де әсер етті ме? Ол әзірге белгісіз. Психологтардың сөзінше, қазір тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн төрт қабырғада отырған азаматтар үшін шынымен де қиын кезең. Кей адамдарға әлеуметтік байланыстардан қол үзіп қалу тамақтанбаумен тепе-тең екен. Сондықтан, таза ауада серуендеп, ойын сауық орталықтарына барып, көңіл көтеріп, сауда жасауға үйренгендер күйзеліске ұшырауда. Ал, карантин психикаға әсер етпесуі үшін не істеу керек?

Павел Моисеев – психолог:

– Әр адам психикалық жағдайына үлкен мән беруі қажет. Карантинде отырған адамдарға айтарым – негативті ақпараттан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Керісінше, позитивті эмоция сыйлайтын дүниелермен айналысып, шығармашылыққа ден қойыңыз. Әрбір минутты пайдалы өткізуге тырысыңыз. Күн тәртібін жазып, режиммен өмір сүріңіз.

Әрі спортты да ұмытуға болмайды. Ол кез келген адамды күйзелістен шығаруға септесе алады. Жалпы, елде төтенше жағдай жарияланғалы – 1,5, ал өңірде карантин режимі күшіне енгелі бір айға жуық уақыт өтті. Осы аралықта үйде отырғандардың іші пысып, зеріккендері түсінікті, әрине. Бірақ, бұл – пандемияның таралмауына тосқауыл болатын бірден-бір мүмкіндік екенін түсінуіміз қажет.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан