Мәдениет

Облыстық музей бірлестігі ерекше шара ұйымдастырды

«Бір экспонаттың тарихы». Осындай атаумен облыстық музей бірлестігі тұрғындарға арнап ерекше шара ұйымдастырды. Дүйсенбі мен жұма күндері аралығында сағат 12:00 де өтетін онлайн-демонстрация барысында қызметкерлер мұражайдағы жәдігерлермен таныстырады. Көрсетілім Инстаграмм және Фейсбук желілерінде тікелей эфирде болады.

Шара сәуірдің 23-і күні басталыпты. Содан бері облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері тұрғындарға бірнеше жәдігерді көрсетіп, тарихымен таныстырған. Мұнда түрлі экспонат бар. Мысалы, мынау – жауынгер дулығасы. Ол мұражайға 1950 жылы жеткізіліпті.

Ғалия Балтабаева – облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:

– Дулығаның ұзындығы – 23, диаметрі – 21 см. Ал салмағы 1 келіні құрайды. Ол металдан жасалған, төбесінде мыс қорытпасы бар. Маңдай тұсында арабша жазылған сөздерді көруге болады. Имамның айтуынша бұл – құран аяттары. Сондай-ақ, астында «Мұхаммед пайғамбар сенімен» деген жазу бар.

Онлайн-демострация кезінде тарихи жәдігерлер ғана емес, қазақ суретшілерінің жұмысы да таныстырылады. Мына портретті Қазақстанның халық суретшісі Гулфайрус Исмайлова салған. Бұл әйел – қылқалам шеберінің құрбысы Бахыт Нұрғожаева екен. Оны автор майлы бояумен қағаз бетіне түсіріпті.

Гүлнұр Зейнелгабиденова – облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері:

– Портреттің өзіндік ерекшелігі бар. Сурет өнерінің ең күрделі жаныры болып табылады. Ол композициялық орындалуына қарай толық фигуралы, ал орындалу тәсіліне қарай бір тұлғалы саналады.

«Бір экспонаттың тарихы» атты онлайн-демонстрация өңірімізде төтенше жағдай аяқталғанша дейін жалғаспақ.

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы