МТРА жаңалықтары

Елде төтенше жағдай режимі мамырдың 11-іне дейін ұзартылды

Қазақстан пандемияның шарықтау шегінен әлі өткен жоқ. Ахуалдың ушығып кету қаупі бар. Сондықтан, Президент елдегі төтенше жағдай режимін мамырдың 11-іне дейін ұзартты. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақорда сайтында жарияланған мәлімдемесінде белгілі болды. Алайда, халық пен бизнеске көрсетілетін қолдау жалғасын табады, ал кей өңірлерде ахуалға байланысты карантин шаралары жұмсарады.

Тоқаевтың бұл мәлімдемесін халық асыға күтті. Шаршаған жұрт төтенше жағдай тәмамдалып, қалыпты өмірге ораламыз ба деп үміттенді, шыны керек. Бірақ, Президенттің сөзінше, жағаны жайлауға жіберуге ерте. Вирус шегінген жоқ, ел эпидемияның шарқытау шегінен әлі өтпеді. Сондықтан, қазақстандықтар енді кем дегенде екі апта қатаң тәртіп пен шектеулерге бағына өмір сүрмек. Ал мемлекет азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетуді жалғастыра береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тағы да қайталап айтамын: қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім. Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда. Қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлер де бар. Оны ескереміз.

Бүгінге дейін 4 млн 250 мың отандасымызға 42500 теңге берілген. Жәрдемақы мамыр айында да төленеді. Ол үшін жаңадан өтініш жіберудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, 1 миллионнан астам азамат тегін азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Коронавирустың салдарынан шығынға батқан шағын және орта бизнесті қолдау механизмдері де іске асырыла бермек. Мәселен, қоғамдық көлік саласы қазір қиын кезеңді бастан өткеруде. Автобустар жүрмейді, табыс жоқ.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Бәріміздің де 2-ші деңгейлі банктерден алған кредитіміз бар. Маусымның ортасына дейін бұл қарыздарды төлеу шегерілді, салықтық жеңілдіктер де беріліп жатыр, жұмыссыз қалған еңбеккерлеріміз 42500-ді алуда. Қысқасы, мемлекеттен көмек көріп жатырмыз. Бірақ, шығындар шаш етектен. Сондықтан, төтенше жағдай аяқталғаннан кейін де билік бізді назардан тыс қалдырмайды деп сенемін.

Төтенше жағдай режимі мамырдың 11-іне дейін ұзартылғанымен, бірқатар жұмсартуларға жол берілуі мүмкін деді Президент. Әр өңір ішкі ахуалға қарай шешімді өзі қабылдауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады. Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды. Бірінші кезекте өнеркәсіп орындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялар, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі қажет. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн.

Әлфараби Мыңбай – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

 – 11-ші мамырға дейін созылғаны бір жағынан дұрыс, ал екінші жағынан қазір біздің экономикамыз әлсіреп бара жатыр. Сондықтан ірі кәсіпорындарды сәуірдің 20-сынан бастап іске қосты, бірақ санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Карантинік режимде отырғанның өзінде, экономикамызды әлсіретіп алмауымыз керек.

Карантин уақытында ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғада қамалып отыру да оңай емес дейді Президент. Баланың аты бала – бір мезгіл далаға шығып, ойнағысы келеді ғой. Қасым-Жомарт Тоқаев “мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруы тиіс”,- деді. Бірақ, қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы шарт. Сондай-ақ, мамырда мерекелер көп. Бірақ, Бірлік күні, Отан қорғаушылар күні мен Ұлы жеңістің 75 жылдығын үйде атап өтуге тура келеді. Президенттің сөзінше, күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауы тиіс. Карантин бұзылса, елдің әр түкпіріне тараған індет одан әрі белең алуы мүмкін. Сондықтан, шыдамдылық танытқан абзал.

 

 

 

 

Саят Ермек