Бескөлдіктер асыға күткен мектеп салынып жатыр

Құрылыс, Білім

22:21 27 Сәуір 2020

Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының оңтүстік-шығысында ағайын асыға күткен мектеп салынуда. Іске 837 млн теңге жұмсалмақ. Ғимарат алдағы қыркүйек айында 300 бүлдіршінге есігін айқара ашуы тиіс.

Саят Ермек – тілші:

– Бескөлдің оңтүстік-шығыс ауданын бұқара “Санта-Барбара” деп атап кеткен. Қазір бұл “Санта-барбарада” 580-600-ге тарта үй бар және олардың саны жыл санап артуда. Өйткені, қалаға жақын тұрмаққа алыс ауылдардан көшіп келіп, үй салып жатқан ағайын мұнда көп. Бірақ, 3,5 мың тұрғынның бәрін баяғыдан бері бір мәселе толғандырады – жақын маңда мектеп жоқ. Өйткені, Бескөлдегі 3 білім ошағының бәрі трассаның арғы жағында орналасқан.

Жәкен Сарымбет – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

 – Бала-шағамыз, немерелеріміз бар. Автобус жүріп тұрады. Ол жағы жақсы, бірақ кейде оқудан тыс үйірмелер мен сабақтарға барарда қиындау.

Ербол Бәгенов – Бескөл ауылының әкімі, Қызылжар ауданы:

 – 4-ші мектептің қажеттілігі неше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Аудан әкімінің жыл сайынғы есептік кездесуінде осы аумақтың кісілері бұл проблеманы көтерді.

Әйтеуір, өтініш биліктің құлағына былтыр жетті. Көктем келіп, күн жылынғалы ескі маяктың орнында болашақ 2 қабатты мектеп бой көтеріп жатыр. Есігін ол осы қыркүйекте айқара ашуы тиіс. Сонда сантабарбаралық балақайлар ерте тұрып, алысқа сабылмайтын болады, ал әке-шеше, ата-әжелердің көңілі орнықпақ. Одан қалды…

Ербол Бәгенов – Бескөл ауылының әкімі, Қызылжар ауданы:

– “Парасат” қазақ мектеп-лицейі 300 орынға шақталған болса, онда қазір 660 бала оқып жатыр қазір. Үш ауысымда. Осы аймақта қазір 0-6 жас аралығында 360 бала бар. Олар – болашақта мектепке баратын балалар. Сол қажеттілік бойынша былтыр қараша айында облыс әкімінің қолдауымен мектептің құрылысы басталып кетті.

Енді сол құрылыстың барысына жіті тоқталайық. Мектеп 300 орынға шақталған, бөбектерге арналған шағын орталық тағы бар. Ғимараттың өзі 3 бөліктен тұратын болады. Алғашқы екеуі – білім алуға арналса, үшіншісінде спортзал мен асхана орналаспақ. Су, жылу, кәріз жүйелері де қарастырылған. Аумақта стадион, балалар алаңқайы да жасалады. Осының бәрін мердігер қыркүйектің біріне дейін тұрғызуы керек. Бірақ, елді дендеген індеттің кестеге өзгеріс енгізуі де ғажап емес. Қазірдің өзінде карантин құрылыс материалдарының келуін тежеп отырса керек. Дегенмен, мұндағылар сабырлы – үлгереміз дейді.

Әнаур Дентаев – “Зерттеу СК” ЖШС инженері:

– Материалдар қазірдің өзінде 1-2 күнге кешігіп келіп жатыр. Бірақ, алаңдауға еш себеп жоқ. Кестеден қалып жатқан жоқпыз. Учаскеде 50 адам еңбектеніп жатыр. Нысанды белгіленген уақытта тапсыруға тырысатын боламыз.

Уақытылы тапсыру керек, өйткені Бескөлдің оңтүстік-шығысындағы жұрт үшін жаңа білім ошағы – бұл жаңа өмірдің бастауы іспеттес. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, оқу ошағы тиіп тұр – балар үшін ыңғайлы. Екіншіден, мұнда тұратын мұғалімдер еңбекпен қамтылып, қалаға не ауылдың арғы шетіне қатынамайтын болады. Ал үшіншіден…

Ербол Бәгенов – Бескөл ауылының әкімі, Қызылжар ауданы:

– Кірбереістегі 800 метрлік Некрасов көшесі, Мағжан Жұмабаев, Мәмбетов көшелеріне асфальт төселеді. Қысқасы, оңтүстік-шығыс аймақтағы көшелер қалыпқа келтіріліп, жарық шамдары орнатылады.

Мектептің ашылуын ауылдықтар қазірдің өзінде асыға күтіп отыр. Тек көңіл, шіркін, ертең су сепкендей басылмаса болғаны. Қыркүйектің бірі өтетін алғашқы қоңырау салтанатына ағайын балаларын трассаның арғы жағына сабылтқылары келмейді, ал сол алғашқы қоңыраудың “Санта барбара” аумағында сыңғырлағанын қалайды.

Жәкен Сарымбет – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Біз мектептің тез берілгенін тілейміз, осы оқу жылында берілсе екен.

 

 

 

Саят Ермек

Бұдан әрі оқыңыз

Биыл өңірде 107 білім беру нысаны жөндеу көреді
Жергілікті университеттің мәртебесі өзгерді
Вокзал маңындағы жатақхана жөнделіп жатыр
Биыл мектептерде алғашқы қоңырау сыңғырламайды
Мемлекеттік қызметке орналасушы үміткерлер үшін “қазтесттің” жаңа жүйесі жасалды
Жас Өркендегі жаңа мектептің құрылысы аяқталуда
Қызылжар ауданындағы 34 мектепке бейнекамералар орнатылады
Шығармашылық мамандықтарға түсуші талапкерлер емтихан тапсыруда
Бірінші тоқсанда оқушылар қалай оқиды
СҚО-да биыл 9 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттайды
Береке ықшам ауданында саябақ салынуда
Перзентханадағы жөндеу