МТРА жаңалықтары

7844 солтүстікқазақстандық 50 мың теңге жәрдемақы алады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған “Біргеміз” қоры мұқтаж жандарға екінші рет 50 мың теңгенің жәрдемақысын табыс етуде. Бұл жолы өңірімізде әлеуметтік көмекке қол жеткізетін жандардың қатары 4175-ке артты.

Біргеміз! Сәуір айының басында елімізде осындай атаумен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен қор құрылды. Оның басты мақсаты – әлеуметтік жағынан әлжуаз тұрғындарға көмек көрсету. Оған еліміздің қалталы азаматтары қаржы аударды. Жаны жайсан жандар Петропавлдағы қорға 183 млн жолдаған екен. Соның арқасында 3669 адам жәрдемақыға қол жеткізді.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Мұндай көмек кімдерге берілетіні жайлы көп сұрақ туындаған болатын. Ақша аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, 1-ші топтағы мүгедек жандарға, мүгедек бала асырайтын жанұяларға, ең төмен жалақы алатын зейнеткерлер, жетімдер немесе асыраушысының бірінен айырылған отбасыларға, тыл және ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарға табысталды.

Жақында жәрдемақы берудің бірінші кезеңі аяқталды. Бірақ, бүгін екінші толқын басталды. Әлеуметтік көмек мамыр айының соңына дейін табыс етілмек. Бұл жолы арнайы тізімге толықтырулар енгізіліпті. Нақтырақ айтсақ, қолдауға қол жеткізетіндердің саны артқан.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Екінші толқын кезінде 1-ші және 2-ші топтағы мүгедек жандар толық қамтамасыз етілді. Бүгінен бастап 7844 адамға қаржы аударылатынын қуанышпен жеткізгім келеді. Дәл қазіргі мәлімет бойынша 5600 адамның есепшотына ақша аударылды.

Жәрдемақы екінші деңгейлі банк арқылы жеке тұлғалардың есепшотына жіберіледі. Тұрғындар арнайы тізімде аты-жөндері бар-жоғын экранда көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалып біле алады.

50-14-19, 50-20-41, 36-91-67.

 

 

 

Маржан Касымбек