Ерiктiлер

Уәлихановтық жастар зейнеткерлерге үй сатып әперді

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында жасалған сауапты іс. Уәлиханов ауданының жастары 2 млн теңге көлемінде ақша жиып, үйлері ескерген ерлі-зайыпты зейнеткерлерге жаңа баспана сатып әперді. Бұл игі істі кішкенекөлдік 7 азамат ұйымдастырған.

Мына үйдің іргетасы жерге кіріп, шатыры ескірген. Қабырға мен терезелері де тозыпты. Ішке жыл он екі ай жел кіреді. Осы баспанада Жахиндер отбасы өмір сүріп жатыр. Жастары 70-ке жақындаған ерлі-зайыптылардың балалары қайтыс болған. Ал ағайын-туысы сонау БҚО -датұрады екен. Қариялардың жағдайын жергілікті жастар жақсы біледі. Сондықтан, олар зейнеткерлерге көмектесуді шешкен.

Арман Ахметов, Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы :

– Үйдің нашар жағдайын видеоға түсіріп, Инстаграмм әлеуметтік желісіндегі «Қызылту көмек» парақшасына салдық. Видео өте көп қаралым жинады. Зейнеткерлерге көмектесейік деген жандар көп болды. Бастапқыда тұрғындар 5-10 мың теңгеден ақша аударды. Осылайша, 4 сағаттың ішінде шоттағы қаржы 300 мыңға жақындады. Сол сәтте қарияларға арнап басқа үй сатып алу үшін қаражат жиналатынана сенімді болдық.

Күн артқан сайын түскен ақшаның көлемі ұлғая берген. Көп кешікпей еріктілер жаңа баспана іздестіреді. Сөйтіп, 4-ші күні өздерінің көңілдерінен шығатын нысанды табады. Баспана 2 миллионға бағаланыпты. Жастар 1 жұманың ішінде жиналған қаражатқа 3 бөлмелі үй сатып алып, отағасы Ермек Жахинның атына рәсімдеп береді.

Ермек Жахин – Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Бүкіл қазақ еліне алғысымызды білдіреміз. Қуанышымызда шек жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Еріктілер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар алдағы уақытта өзге де көмекке зәру отбасыларға қол ұшын созуды жоспарлап отыр.

Актолкын Солтанханкызы