МТРА жаңалықтары

Саяжайға қашан баруға болады

Саяжайға қашан баруға болады? Бүгінде көпті қызықтыратын сұрақ осы. Күніне осы сауалмен саяжай қауымдастықтарының төрағаларына 20-30 адам қоңырау шалады екен.

Бірі қыс бойына азық болатын көкөністерін ойлап отыр. Қияр, қызанақ, сәбіздерді солтүстікқазақстандықтар қазірден-ақ отырғызуға асық. Енді бірін ертерек өнім алу емес, жазғы үйдегі мал-мүлкі алаңдатады. Өңірдегі тасқын су шарықтау шегіне жетіп, саяжайларды басып жатыр. Бұл – жыл сайын қайталанатын көрініс. Сол себепті, табиғаттың біз үшін / енді тосын емес мінезіне ертерек дайындалу керек еді дейді қауымдастық төрағалары.

Иван Пороло – “Учитель” саяжай қауымдастығының төрағасы:

– “Учитель” қауымдастығында 170 саяжай учаскесі бар. Бүгінде барлығы су астында қалды. Тасқынға байланысты жиһаздарды биікке көтеруді әдетке айналдырдық. Бұл шаруаны ертерек атқарамыз. Сол сияқты, тауық пен иттердің де мәселесін шешуге тырысамыз. Көбі құстарды Ойқалаға апарды. Қазір саяжайға барғанның өзінде ештеңе тындыра алмаймыз, бәрі су астында қалды ғой. Сондықтан, шыдамдылық танытайық.

Ирина Шершнева – “Изумруд” саяжай қауымдастығының төрайымы:

– Біздегі саяжайларды соңғы 20 жыл су басып келеді. Учаскелер мен нысандар әсіресе 2017-де қатты зардап шекті. Әлбетте ештеңені уақытылы еге алмадық. Көкөністерді маусымның соңында отырғыздық. Барлығын өсіріп те, жинап та үлгердік. Сондықтан, карантин кезінде саяжайға барамын деп құлшынатындарға айтарым – жағдайдың тұрақталғанын күтіңіздер. Статистика өспейтін болса, режимнің жұмсартылуы мүмкін ғой.

Эльмира Садвокасова