Су тасқыны

«Мичурин» саяжай кооперативіндегі 5 үйді су басты

Қаладағы «Мичурин» саяжай кооперативіндегі 5 баспананы су басты. Қазір құтқарушылар мен 6637 әскери бөлімінің сарбаздары саяжайға жақын жердегі Тепличное селосындағы бөгетті нығайту үстінде. Ал Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылына су кірмегенімен, кіреберістегі тас жолды шайып кеткен.

Бұл – Қызылжар ауданындағы Тепличное селосы. Құтқарушылардың сөзінше, мұндағы судың деңгейі 164 см-ге көтерілген. Десе де, ауыл шетіне орнатылған бөгеттің арқасында бірде-бір үйге су кірмепті. Бірақ, қуануға әлі ерте көрінеді. Өйткені, дәл жанындағы «Мичурин» саяжай кооперативіндегі 5 баспананы су басқан. Қызыл су жақын күндері Тепличноеға да жетуі мүмкін.

Ахметхан Тобылбаев – Қызылжар аудандық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау жөніндегі бас инспекторы:

– Жағдайды тәулік бойы бақылап отырмыз. Қазір судың көлемі бірқалыпты. Алдын ала болжамға сәйкес деңгейі тағы көтерілуі мүмкін. Бірақ, дөп басып айту мүмкін емес.

Қауіптің алдын алу мақсатында құтқарушылар мен 6637 әскери бөлімінің сарбаздары қазір ауыл шетіндегі бөгетті нығайтып жатыр. Мына жерге күніне құм толы қаптардың 800-ге жуығы үйіледі. Әрбіреуі 50 келі тартады. Бұл іске 60-қа тарта жауынгер жұмылдырылған.

Есіл Мулдинов – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Сарбаздар іске таңғы 9-да кірісіп, кешкі 18:00-де доғарады. Бөгетті нығайтып жатқанымызға бүгін – 4-ші күн. Қазірге оның биіктігін 1 жарымнан 3 метрге дейін жеткіздік. Егер судың деңгейі көтерілсе тосқауылды да нығайта бермекпіз.

Ал Прибрежное ауылына су жайылмаса да кіреберістегі 20 метрдей тас жолдың бетін су шайған. Құтқарушылардың сөзінше, елді мекенге таяп қалған судың беті 2-3 күнде кері қайтады деп отыр.

Валерий Новопашин – Прибрежное ауылы, Қызылжар ауданы:

– 2017-ші жылы үй де, аула да түгел судың астында қалған болатын. Сол кезде бірнеше күн бойы туған-туыстың үйін паналап едік. Биыл ондай жағдай қайталанбайды деп үміттеніп отырмыз. Әйтпесе, карантин кезінде қайда барарымызды білмейміз.

Айта кетейік, жалпы Қызылжар ауданында көктемгі су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарға 160-қа тарта маман мен 60-қа жуық техника жұмылдырылаған.

Маржан Қасымбек