МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Коммуналдық қызметтерді төлеуге – 15 мың теңге

Жарық, жылу, су мен кәріз жүйесі. Тағы лифт пен қоқыс төгу. Дәл осы коммуналдық қызметтерді төлеуге ел бюджетінен субсидия бөлініп отыр. 15 мың теңге карантинге жабылған елді мекен тұрғындары үшін қарастырылған.

42500-дің жыры бітер-бітпестен, қазір халықтың қызу талқысына 15 мың теңгенің жайы түсті. Ел Президентінің жарлығымен карантинге жабылған қала мен елді мекен тұрғындарына коммуналдық қызметтерді төлеуге дәл осыншама сома берілмек. Барлығына бірдей емес. Бұл ретте мемлекеттік қолдауға 7 санаттағы азаматтарға үміт артуға болады. Олар: мүмкіндігі шектеулі жандар, ҰОС ардагерлері, ең төменгі зейнетақы алатындар мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған азаматтар.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

–  Жәрдемақы тек карантинге жабылған аймақ азаматтарына беріледі. Яғни, 7 санаттың біріне жататын Петропавл тұрғындарына 15 мың теңгелік көмек көрсетілмек. Аудандарға келер болсақ, бүгінде өңірдегі 13 ауданның 12-сінде карантин жарияланған. Бірақ, кей өлкелерде ол толық қамтылмаған. Мәселен, Айыртауда аталған режимнің тек Саумалкөл ауылына ғана қатысы бар.

Жарық, жылу, су мен кәріз жүйесі. Тағы лифт пен қоқыс төгу. Дәл осы коммуналдық қызметтерді 15 мың теңгенің есебінен өтеуге болады. Ал егер ай сайынғы төлем аталған сомадан аз болса, қалған қаражат келесі айға автоматты түрде ауыстырылады. Айта кету қажет, мемлекеттен бөлінетін көмек азаматтың дербес шотына аударылады. Тағы маңызды жайт – коммуналдық қызметтердің қатарына «Қазақтелекомның» ұялы телефон мен интернет байланысы жатпайды.

Алмаз Қошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Біз өңір бойынша 7 санатқа жататын тұрғындардың санын есептедік. Карантин енгізілген аймақтарда тұратын 37 мыңнан аса солтүстікқазақстандықтың коммуналдық қызметтері субсидияланбақ. Бірақ, бұл тізім әлі өзгеріске ұшырауы мүмкін. Себебі, бір адам екі-үш санатқа жатқызылуы мүмкін.

Төлемді алу үшін ақпараттық жүйелерге немесе колл-орталыққа хабарласу қажет. Олар шаһар мен әр ауданда өз жұмысын бастап жатыр. Қазір мамандар республикалық бюджеттен қаражаттың бөлінуін тосып отыр. Кейін 15 мың теңгені аударумен айналысатын оператор анықталады.

Эльмира Садвокасова