МТРА жаңалықтары

Кенеттен келген ыстық су тұрғындарды әбігерге салды

Кенеттен келген ыстық су тұрғындарды әбігерге салды. Сәуірдің 20-сы күні Қапай ықшам ауданында даладағы су құбырына жөндеу жүргізілген болатын. Содан кейін  өмір бойы суық су пайдаланып келген жандардың құбырынан  кенет ыстық су аға бастайды. Салдарынан үйдегі пластик құбырлар еріп кеткен.

Ружейников көшесіндегі мына үй тұрғындардың айтуынша соғыстан кейін салынған. Қос қабатты баспанада ыстық су өмірі болмаған. Құбырдан тек суық су ғана ағады. Жылысы қажет болса арнайы қондырғы пайдаланылып келген екен.
Алайда, сәуірдің 20-сы күні орын алған жағдайдан жағамызды ұстадық дейді Анастасия Семухина. Пәленше жыл бойы суық су жүріп тұрған краннан қайнаған су аға жөнелген.

Анастасия Семухина – қала тұрғыны:

–  Сол күні үйдің маңында жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Әуелде суды өшіріп тастады. Кейін түнгі 10 кезінде берілді. Таңғы сағат 6 шамасында кранды бұрап қалып едік ып-ыстық су аға жөнелді. Салдарынан пластик құбыр еріп, салқын суды жылытатын бөшкеміз жарылып қалды. Ваннаның іші моншадағыдай ысып кетті. Күйеуім ыстық суды тоқтатамын деп қолын күйдіріп алды.

Ыстық су үйдің ішіне де аққан. Салдарынан құбыр мен су жылытқыш бөшкеден бөлек, унитаз да жарылып кетіпті.

Анастасия Семухина – қала тұрғыны:

– Оқиғаның мән-жайын білу үшін күйеуім мен көршілерім сыртқа шықты. Сол уақытта есік алдындағы суық су өтетін құбыр тарс етіп жарылады. Салдарынан тіршілік көзі жан-жаққа атқылай бастайды. Мен бірден 109 нөміріне хабарласып, жағдайды түсіндірдім. 1-2 сағаттың ішінде мамандар келіп, құбырды бітеді.

Анастасия Семухинаның 3 бөлмелі пәтеріне әжептәуір шығын келген. Нәзікжанды жөндеу жұмыстарын жүргізген “Қызылжар Су” серіктестігіне хабарласыпты. Мамандар келіп, сараптама жасаған. Нәтижесінде іске аталған кәсіпорынның қатысы жоғы анықталған.

Евгений Мокренский – «Қызылжар су» ЖШС энергетика бойынша бас маманы:

– Біз нысанға кіріп тексеріс жүргіздік. Тұрғындардың көпшілігі үйлеріне кіргізбеді. Бірақ, мынаған көз жеткіздік. Пәтерлердің бірінде тұратын, яғни апат орын алған баспананың көршісі жылу жүретін құбырды кранға жалғап қойған болуы тиіс. Салдарынан жоғары қысымды ыстық су ағып, 15-ші және 16-шы пәтерге кесірін тигізген.

Мамандар жылу құбырын ауыз су құбырына жалғауға болмайды дейді. Бұл заңға қайшы іс-әрекет болып саналады. Мұндай ақпарды тұрғындардың өздеріне де жеткізіпті. Ал Анастасия Семухина мәселені аяқсыз қалдырмаймын, сотқа жүгінемін дейді.

Бердимурат Баймухан