Әр түрлі

Қасиетті Рамазан айы бастау алды

Бүгін мұсылман жамағат үшін мерейлі күн – қасиетті Рамазан айы басталды. Алдағы 30 күнде ағайын ниет етіп, ораза тұтады, пітір садақасын береді, мұқтаждарға көмек көрсетеді. Бірақ, биыл 12 айдың сұлтанын ұлықтау шарттары – өзгеше. Өйткені, елде – төтенше жағдай. Мешіттерде көпшілікпен бірге намаз оқылмайды, ауызашарлар берілмейді.

12 айдың сұлтаны бастау алды. Мұсылман қауым 30 күн оразасын ұстайды, жаратқанға жақындай түсіп, тәні мен жанын тазартады. Тек биылғы Рамазан бұрынғыларынан өзгеше, өйткені елдегі төтенше жағдаймен тұспа-тұс келіп отыр. Мешіттерде жамағат болып намаз оқылмайды. Игі амалдардың бәрін үйде жасаған жөн.

Мухаммадзахир Мирзаев – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

– Қазіргі таңда еліміздегі жағдайға байланысты намаздар үйде оқылады. Осы аурудан тезірек айығып, құтылу жолдарын Алладан сұрап, дұға жасасақ нұр үстіне нұр болады.

Ахуал сондай – биылғы оразада ауызашарға баруға да, оны беруге де рұқсат жоқ. Мүфтият сол ауызашардың тамағын мұқтаждарға таратып, сауабын алуға болады дейді. Одан қалды, пітір садақасын да жамағат мешітке апарып жаздырып бере алмайды. Оның құны, айтпақшы, жан басына 370 теңге болып бекітілді. Бірақ, ақыны онлайн аударуға болады.

Мухаммадзахир Мирзаев – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

– Каспий және Халық банктерінің қосымшалары арқылы өтеуге болады. Сондай-ақ, қосымша пітір садақа жәшіктері қаламыздағы ірі сауда орындарына, супермаркеттерге, Dostyq Mall, City Mall сынды орындарға қойылатын болады.

Дәрігерлер, полицейлер, қысқасы елді дендеген індетпен күресте алғы шепте жүрген мамандар шама болмаса, оразасын кейінге қалдыра алады. Ал ауыз бекіткен мұсылман бойынан коронавирус белгілерін байқаса, оразасын үзіп, қазасын кейін өтеуге рұқсат. Жұрт көп қоятын тағы бір сауал – Исламда спирттің харам саналатынын ескерсек, ораза уақытында антисептик қолдануға бола ма?

Мухаммадзахир Мирзаев – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

– Егер де спирт жүзім менен құрмадан жасалмаған болса, оны медициналық бағытта антисептик ретінде қолдануға рұқсат етіледі. Антисептик жағылған жердің одан кейін жуылуы шарт емес. Харам нәрселердің баршасы нәжіс болып есептелмейді. Сондықтан да ораза кезінде қолымызды антисептикпен жусақ, бұл біздің оразамызды бұзбайды.

Қасиетті Рамазан сәуірдің 24-і басталып, мамырдың 23-іне дейін жалғаспақ. Киелі Қадір түні мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түнге түсіп отыр. Айдың әрбір күнін мейлінше үйден шықпай, құлшылық ете, насихат тыңдай өткізген абзал. Карантин режимін бұзбау керек. Мұны Оразаның басталуымен мұсылман жамағатты құттықтаған ел Президенті де атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өкінішке қарай, биылғы Рамазан айы төтенше жағдай кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, жамағатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын орындауға, індетке қарсы күресте бірлік пен жауапкершілік танытуға шақырамын. Біз, Қазақстан халқы, қанымызға сіңген қадір-қасиеттің арқасында кез келген сынақтан абыроймен өтеміз деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!

Құттықтаудан облыс әкімі Құмар Ақсақалов та шет қалмады. “Ауыз бекіткен жамағат, ниеттеріңіз қабыл болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман, бірлігіміз жараса берсін. Қиын-қыстау заманда баршаңызға шыдамдылық пен сабырлық тілеймін”,- деді аймақ басшысы Инстаграммдағы парақшасында.

Саят Ермек