МТРА жаңалықтары

Қалада ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда

Шетен, қайың мен жөке. Петропавлда көгалдандырылу жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылы мамандар қалада 4 мыңға жуық жас көшет отырғызбақшы. Оның 500-ден астамы Ойқала ықшам ауданындағы Потанин көшесінде егілді.

Ойқала ықшам ауданындағы Потанин көшесінің бойында қызу тірлік. Мұнда ағаш егу жұмыстары жалғасып жатыр. Кондратов бағында 10 жыл өсірілген мына жас көшеттер, болашақта осы маңайда жайқалатын болады. Мамандар мұнда жөке ағашының 77 данасын отырғызбақшы. Жалпы, жөкеден бөлек тағы 550-ге жуық желек егілген екен. Олар – қайың мен шетен ағаштары.

Тамара Гайсина, «Shatyr Group KZ» ЖШС көгалдандыру жобасының жетекшісі:

– Бұл көшеттерді әлі 2 жылдай баптап күту керек. Суару, тыңайту жұмыстарын өзіміз жасаймыз. Қазір 2 күнде бір суарамыз. Алдағы уақытта аптасына 2 рет суарамыз деп ойлаймын. Сондай-ақ, айына бір рет тыңайтып тұру қажет.

Ағашқы жылдары жас көшеттерді баптау өте маңызды. Өйткені, бақтағы орта мен қала іші әр түрлі. Бүгінде мұндағы ескі ағаштардың көбісі кесіліп тасталған. Алдағы уақытта олардың орнын осындай жүздеген жас желек басады. Атқарылып жатқан жұмысқа қала тұрғындары да өз бағаларын берді.

– Ағаштарды отырғызып жатқандары қуантады. Болашақта осы жер әдемі болып жайқалатынына сенемін:

– Жақсы шаруа жасалып жатыр. Қаламыз одан бетер көгалдана түссін деп тілеймін

Тамара Гайсина – «Shatyr Group KZ» ЖШС көгалдандыру жобасының жетекшісі:

– Біз Потанин, Брусиловский мен Жамбыл, Интернационал және Парковая көшелерінде ағаш отырғызамыз. Барлығы – шамамен 1,5 мыңдай көшет. Қазір оның 700-ге жуығы егілді.

Мамандар қалған шаруаны сәуір айының соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Жалпы, биыл қала бойыша 4 мыңдай жас ағаш отырғызылады.

Бердимурат Баймухан