Құқық қорғау органдары

Тағы бір жемқорлық фактісі әшкереленді

Отанға қызмет етемін деп, мемлекеттің ақшасын жымқырған. Өңірде тағы бір жемқорлық фактісі әшкереленді. Бұл жолы құрыққа Әскери институттың маманы түсті. Азаматша 2014-ші жылдан бері жоғарғы оқу орнының ақшасын ұрлап келген. 5 жылдың ішінде нәзікжанды 28 млн теңгені қалтасына басыпты.

Азаматша институттың қаржы бөлімшесінде еңбектеніпті. Сондықтан, ақшаның қайда және қалай жұмсалып жатқанынан ол жақсы хабардар болған. Ай сайын қомақты қаражаттың үнемделетінін де білген көрінеді. Себебі, жоғарғы оқу орнында бірнеше бос жұмыс орны болыпты. Дәл осы мамандардың жалақысын ол қалтасына басқысы келген. Түсінгендеріңіздей, жемқорлықтың схемасы қарапайым. Бос жұмыс орындарына ол өзін, жұбайын, тамыр-таныстарын алғандай болып, еңбекақыны осы адамдарға аударып отырған. Мұндай қулықты ол 2014-тің шілдесінен 2019-дың мамырына дейін жасапты.

Сергей Потанин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Әрбір қадамын жақсылап ойластырған. Азаматшаның жемқорлығын анықтау өте қиын болды. Себебі, ақпараттың барлығы цифрлық базада сақталған. Ондағы деректердің көптігі соншалық, ақша жымқырғанды байқау оңай емес. Әрі Әскери институттың басшылығы маманға үлкен сенім артқан көрінеді.

Азаматша мемлекеттен бөлінген қаржының 27,8 млн теңгесін қалтасына басқан. 5 жылдың ішінде Әскери институттың ешбір қызметкерінде ақшаның қайда кетіп жатқаны туралы күмән туындамапты. Бұл ең бірінші кезекте қол астындағы маманның жұмысын бақыламаған жоғарғы оқу орны басшылығы тарапынан кеткен олқылық дейді жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері. Жағасы жайлауда болған қызметкер қаражатты жымқыра берген. Қазір қолының жымысқысы бар нәзікжандыға қатысты іс сотта қаралуда.

Сергей Потанин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы іске байланысты Әскери институтқа бірнеше ұсыныс жасамақ. Алдымен, азаматшаның қылмысқа баруына жол берген мамандарды қатаң тәртіптік жазаға тарту қажет. Екіншіден, алдағы уақытта заңбұзушылықты болдырмас үшін жоғарғы оқу орнында түсіндіру шараларын жиі жүргізу қажет. Жарты жылдың ішінде кемінде бір рет қаражаттың жұмсалуы мен жалақының төленуін тексеру үшін құзырлы органдармен ішкі аудит өткізілуі тиіс.

Тағы Әскери институт басшысы өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасын қол астындағы ешбір маманға бермеуі тиіс. Және қаражаттың жұмсалуына қатысты әрбір құжат жіті тексерілуі қажет.

Эльмира Садвокасова