Құқық қорғау органдары

Полицейлер арасында тіркелген парақорлық

Қылмыстық істі жауып тастау үшін 2 млн теңге пара алған солтүстікқазақстандық полицейге қатысты сот үкімі шықты. Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі Мұрат Қамбаров өмірінің 3 жылын енді колонияда өткізеді. Ал Шал ақын ауданында күні кеше тағы бір тәртіп сақшысы парамен ұсталды. Лауазымды тұлға бір азаматтан 1 млн 300 мың теңге талап еткен.

Мұрат Қамбаров осыдан екі ай бұрын өз үйінің подъезінде құрықталған еді. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары полицейдің сөмкесінен пакетке оралған 2 млн теңге тапты. Бұл – пара.

Саят Ермек – тілші:

– Оны аса маңызды істер бойынша аға тергеуші қылмыстық істі доғару үшін алған. Ал енді нақтырақ. Ақпанның 13-і Қамбаров күдіктінің әкесіне жолығады. “Балаңызды кінәсіз деп тауып, бостандыққа шығарамын, бірақ бұл үшін 2,5 млн теңге төле” деп талап қояды. Соңынан қос тарап 2 млн теңгеге келіскен. Бір қызығы, қылмыс құрамы болмағандықтан, манағы іс ақпанның 8-і, яғни Қамбаров ақша бопсалағанға дейін доғарылған екен.

Бірақ, жемқор тергеушіге бұл тоқтау болмаған. Ақпанның 17-сі қаражат оның қолына тиеді. Тек оңай олжа көздеген полицей ақыры бостандығынан айырылып тынды. Қамбаровқа қатысты жуырда сот үкімі шығып, ол 3 жылға темір торға тоғытылды. Жазасын қылмыскер қауіпсіздігі орташа деңгейдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ, экс-тергеуші өмір бойына мемлекеттік қызметке тұру құқығынан айырылды. Полиция департаментіндегі тағы бірқатар басшылар да жазаға тартылды. Не себепті дейсіз ғой? Қарамағындағы шендінің бұл теріс әрекетіне жол бергені үшін.

Еңбек Сембин – СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Қамбаровтың тікелей басшысы, тергеу басқармасы бастығының орынбасары жұмыстан шығарылды. Осы басқарманың бастығы қызметіне толық сай емес деп танылды. Полиция департаменті бастығының бұл салаға жауапты орынбасары мен кадр жұмысы басқармасының бөлім бастығы сөгіс алды.

Жемқорлыққа қарсы жергілікті департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің сөзінше, органдарда парақорлықтың белең алуына басшылық тарапынан тиісті бақылаудың болмауы себеп. Жемқорлыққа қарсы ведомствоға жұртшылық тарапынан “полицейлер қысым көрсетті, ақша талап етті” деген шағымдар жиі түседі екен. Ал карантин жарияланғалы олардың саны, тіпті, артқан. Мұндай фактілер бұқараның полицияға және әділдікке деген сенімін жоғалтады, ал бұған жол беруге болмайды.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Халықтың сенімін тиісті деңгейде ақтау – погон, шен таққан қызметкерлердің парызы. Барлығы адамның ойы мен сана-сезіміне тікелей байланысты. Өздеріңіздің ата-аналарыңыз бен туысқандарыңызды жерге қаратпау үшін ешқандай қылмыс жасамауға шақырамыз.

Бұл үндеуге тәртіп сақшылары құлақ асса игі болар еді. Ал, әзірге, ахуал мәз емес. Күні кеше теріскейлік тағы бір полицей парамен ұсталды. Күдікті – Шал ақын аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары. Лауазымды тұлға тұрғындардың бірінен 1 млн 300 мың теңгенің ауыз бастырығын алмақшы болған. Бұл үшін оған карантин кезінде жеке көлікпен кедергісіз қатынауға рұқсат етемін деп уәде берсе керек. Өңірдің бас полицейі жағдайға қатысты желіде бірден түсініктеме берді. Сөзінше, күдікті – қазір уақытша ұстау изоляторында, ол қызметінен қуылды. Сондай-ақ, Марат Төлебаев аудандық полиция бөлімінің бастығын лауазымынан босатқан, ал өзінің екі орынбасарына қатаң сөгіс жариялаған.

Саят Ермек