БілімМәдениет

Өнер колледжінің студенттері қашықтықтан оқуда

Өнер колледжінің студенттері қашықтықтан білім алып жатыр. Талапты жастар сабақтан бөлек, онлайн режимде  концерт өткізіп, ән мен би челленждерін қолға алған. Жас өнерпаздар бұндай игі бастамалар үйде отырған жандарды бір сергітіп қалуға септеседі дейді.

Қаладағы өнер колледжінің студенттері де қашықтықтан білім алып жүр. Оқытушылар мен ұл-қыздар «Zoom» бағдарламасы арқылы байланысқа шығады. Өнер иелері сабақтан бөлек, онлайн режимде концерт те ұйымдастыруда.

Роза Кашенова – Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің директоры:

– Бастапқыда көптеген қиындықтар болды. Бірақ екінші аптадан бастап колледжге жеке сервер берді.

Бұл – «Назқоңыр» қобызшылар ансамблі. Қолдарына прима қобыз ұстаған өнерпаздар қазақ әндерінен попурри орындауда. Бейнебаян небәрі 5 минутқа жалғасады. Олар осы уақыт аралығында 10-ға жуық туынды ойнап, солтүстікқазақстандықтардың сүйіспеншілігіне бөленді. Концертті оқу ордасының YouTube желісіндегі парақшасынан ташамалауға болады.

Ал хореографиялық өнер саласы бойынша білім алатын ұл-қыздар би челленджін ұйымдастырған. Карантин кезінде үйде отырған студенттер түрлі ұлттардың билерін көрсетті.
Өнерлі жастар, сондай-ақ, жақында елге танымал челленджді қайталады. Оны қазақ эстрадасының жұлдыздары бастаған болатын. Ролик түсіру үшін ұл қыздар көпшілікке таныс «Бұл өмірде» әнін бір-бір жолдан орындап шықты.

Әдемау Күдербек- Өнер колледжінің студенті:

– Осы челлендж – біз үшін аянбай тер төгіп жатқан дәрігерлер, әскери қызметкерлерге, сатушыларға деген алғысымыз. Біз біргеміз! Біз үйдеміз!

Талантты ұл-қыздар өз бейнероликтерін әлеуметтік желілерге салуда. Олар карантин уақытында әлі талай қызықты дүниелер жасауды жоспарлап отыр. Айта кеткен жөн, бүгінде жергілікті Өнер колледжінде 11 мамандық бойынша 200-ге жуық студент білім алады.

Маржан Қасымбек