Аптадағы маңызды жаңалықтар

Емдеу мекемелері провизорлық стационар режимінде жұмыс істейді

Облыстық көпбейінді ауруханадағы науқастар сovid-19-ға тест тапсыруда. Мұндай зерттеу қауіп-қатер тобына жататын азаматтар үшін жасалады. Бүгінде 81 солтүстікқазақстандық коронавирус инфекциясына тексеріліпті. Абырой болғанда індет ешбірінен табылған жоқ. Қазір тағы бір солтүстікқазақстандық зерттеу нәтижесін күтіп отыр. Айта кету керек, сәуірдің 14-інен өңірдегі емдеу мекемелерінің барлығы провизорлық станционар режиміне көшті.

Светлана Ходкевичтің жұмыс күні дәл осы жерде бастау алады. Іске кіріспес бұрын аға медбике таза аймақта орналасқан бөлмеде қорғаныс костюмін киюі қажет. Бұл шаруа сырт көзге оңай боп көрінгенімен ұқыптылықты талап етеді. Алдымен мамандар 3 минут бойы қолдарын жуып, респиратор тағады. Кейін перчатки мен су өткізбейтін комбинезон киеді. Тізеге дейін жететін бахила тағы бар. Содан соң қорғаныс көзілдірігін тағып, екінші қорғаныс қолғабын киеді. Міне, енді ғана жұмыс орнына барып, еңбектенуге рұқсат.

Светлана Ходкевич – облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімшесінің аға медбикесі:

– Алғашында костюмді киюге 5 минуттай уақыт кететін. Қазір шаруаны 2 минуттың ішінде тәмамдаймыз. Себебі, күнделікті қорғаныс киіміне қатысты нұсқама беріледі. 3 сағат бойы осы костюммен жүреміз. Кейін оны «лас зонадағы» бөлмеде шешеміз. Су ішеміз, ауқаттанып аламыз. Содан соң костюмді қайта киеміз. Жалпы, 6 сағатқа созылатын ауысым кезінде осылай жүруіміз қажет.

Қорғаныс киімінде еңбектену былай тұрсын, жай ғана жүрудің өзі қиын. Сөзімізге сеніңіз, біз костюмді киген бір сағаттың ішінде қиналып біттік. Емдеу мекемесінде коронавирусқа шалдыққандар болмаса, мұндай қорғаныс не үшін қажет дерсіз? Сәуірдің 14-інен барлық ауруханалар провизорлық стационар режиміне ауысты. Күнделікті түрлі сырқатпен мамандар көмегіне ондаған адам жүгінеді. Олардың арасында ковид-19-ды жұқтырғандар да болуы мүмкін. Сондықтан, келген науқас жіті тексерістен өтеді. Ал егер ол қауіп-қатер тобынан болса, бірден изоляторға жатқызылады.

Ксения Игишева – облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жүкті әйелдер, ОРВИ мен пневмония белгілері бар адамдар, созылмалы ауруға шалдыққандардың барлығы осы бөлімшеге жеткізіледі. Азаматтар коронавирусқа тест тапсырады. Нәтижесін изоляторларда күтеді. Мұнда бір дәрігер мен бір медбике жұмыс істейді. Себебі, потенциалды науқастармен байланысты барынша қысқарту керек.

Қазір изоляторда жүкті әйел жатыр. Нәзікжанды ковид-19-ға тест тапсырыпты. Енді нәтижесін күтуде. Егер індет анықталмаса, ол өз диагнозы бойынша ем алуға тиісті бөлімшеге ауыстырылады. Ал науқас жатқан палата толығымен дезинфекцияланады. Зарарсыздандыру шаралары қабылдау бөлімшесінде күніне 3 мәрте жүргізіледі екен. Ал ауруханадағы тазарту жұмыстары сағат сайын өткізіледі.

Юрий Белоног – облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Аурухананы провизорлық стационар режиміне ауыстыруға 2 күндей уақыт кетті. Барлық дәрігерлерге респиратор, қорғаныс костюмдері, дезинфекция құралдарын алдық. Аталған мақсатқа 10 млн теңгеден астам қаржы жұмсадық. Тағы ақ халаттылар резервін жасақтадық. Қазір бұл мамандар үйлеріне жіберілді. Себебі, коронавирусқа шалдыққан науқас бізге түсіп, одан дәрігерлердің бірі дертті жұқтырып алуы мүмкін. Мұндай жағдайда барлығы карантинге жатқызылып, резервтегі медициналық қызметкерлер жұмысқа шығады.

Облыстық көпбейінді ауруханамен жасақталған резервте бүгінде 100 дәрігер бар. Жалпы, сәуірдің 14-інен бері провизорлық стационарға қауіп-қатер тобына жататын 81 науқас келіп түскен екен. Олардың барлығы тест тапсырды. Ешбірінен коронавирус инфекциясы табылмады.

Эльмира Садвокасова