Денсаулық сақтау

Бизнесмендер МӘМС төлемдерінен уақытша босатылды

Отандық бизнесмендер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударудан уақытша босатылды. Осы арқылы мемлекет төтенше жағдай кезінде табыссыз қалып, шығынға батып жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетпекші. Мұндай жеңілдік 9 сала бойынша, яғни ісін домалатып отырған шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріне жасалған. Алайда, кейін олар қорға қарыз болып қала ма, жоқ па – бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр.

Қазақстанда 1-ші сәуірде енгізілуі тиіс Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Президент пәрменімен 1-ші шілдеге қалдырылды. Тек билік бұл жеңілдікпен ғана шектеліп қалмады. Енді шағын және орта бизнес өкілдері қазанның біріне, ал кейбір ірі кәсіпкерлік субъектілері шілденің біріне дейін сақтандыру қорының төлемдерінен толықтай бостылды. Бұл нені білдіреді?

Қарлығаш Ілиясова, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ баспасөз хатшысы:

– Жұмыс берушілер өздерінің жұмысшылары үшін 2 пайыздық аударымдарды төлемейді, сондай-ақ өз қызметкерлерінің жалақысынан 1 пайыздық жарналарды ұстамайды. Осылайша, 1 миллионға жуық азамат МӘМС ақысын төлеуден босатылады. Алайда, олардың барлығы қажетті медициналық көмекті толық көлемде алатын болады. Олар үшін төлемді МӘМС қоры төлейді.

– Аударымдар мен жарналарды төлеуден сауда, көлік және техникалық қызмет көрсету, білім беру, медцина, туризм, мейрамхана және қонақ үй бизнесінің өкілдері босатылады. Бұл тізімге тағы ойын-сауық, бағдарламалық қамтамасыз ету және фитнес салаларындағы кәсіпкерлер де кіреді. Өтйкені, олар қазір қиын кезеңді бастан өткеріп, шығынға батып жатыр.

Ал бұл тізімге кірмейтін бизнес субъектілері үшін медициналық аударымдар мен жарналарды төлеу маусымның біріне дейін шегерілді. Айтпақшы, жоғарыда аталған жеңілдіктер жеке кәсіпкерлерді де айналып өтпеді.

Қарлығаш Ілиясова, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ баспасөз хатшысы: 

– Олар да өздерінің жұмысшылары үшін аударымдар жасамайтын болады және қызметкерлердің жалақысынан да жарна ұстамайды, бірақ жеке кәсіпкер ретінде өздері үшін 2975 теңге аударулары тиіс. Бұдан олар босатылмайды.

Аталған өзгерістер аясында тағы бір маңызды мәселеге тоқтала кетейік: заң жарналар мен аударымдардан бас тартуға мүмкіндік бермейді. Бұл төлемдерден босатылған бизнес өкілдері мен азаматтар ертең қорға қарыз болып қалады деген сөз. Қазір Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Үкіметке бұл берешекті есептемей, сызып тастау керек деп ұсыныс тастаған. Бірақ, шешім әлі қабылданған жоқ. Тағы бір маңызды жәйт – 42 500 теңгенің жәрдемақысы тағайындалғалы бері елімізде БЖТ аударатын қазақстандықтардың саны күрт артқан. Сәуірде небәрі 85-мың болса, қазір 1 млн 800-мыңнан асып жығылады.

Қарлығаш Ілиясова, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ баспасөз хатшысы: 

–  Бұл, әрине, өте қуанышты жағдай. Бірақ БЖТ-ны адамдар 3 ай қатарынан төлемесе, олар сақтандырылушы мәртебесін ала алмайды. Сондықтан, олар БЖТ-ны 1 ай ғана төлемей, үнемі аударып отыруылары қажет.

Айта кеткен жөн, бүгінде отандастарымыздың 15 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспайды. Қарапайым тілмен айтқанда, олар сақтандырылмаған. Десе де, шілденің біріне дейін отандастарымыздың барлығы дерлік шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Яғни, тиісті медициналық көмекті толық көлемде ала алады.

Саят Ермек