МТРА жаңалықтары

Қалалық әкімдік қызметкері пара алды деген күдікпен ұсталды

Облысымызда пара алды деген күдікпен тағы бір лауазымды тұлға құрықталды. Бұл жолы сезікті – Петропавл әкімдігінің қызметкері.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол жеке автокөлік иесіне карантиндік блокпосттардан еш кедергісіз өтуі үшін рұқсат қағазын жасап берген. Бұл “қызметі” үшін азаматтан 50 мың теңге алса керек. Жемқорлыққа қарсы ведомство мамандары күдіктіні жедел-іздестіру шарасы барысында ұстаған. Болжам бойынша әкімдік өкілі бұндай қитұрқы әрекеттерді бірнеше рет жасаған көрінеді.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Қазіргі уақытта күдікті үй қамағына алынды, оған қатысты ҚР ҚК пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс сотқа тапсырылғаннан кейін, кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы не альтернативті санкция ретінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Саят Ермек