Қоғам

Қалада су тартатын құдықтар орнатылуда

Сәуір айының басынан бері петропавлда құдықтар орнатылып жатыр. Жай құдық емес. Олар тереңнен су тарта алатын қуатты сорғылармен жабдықталған. Мұндай құрылғының бір-біреуі 16 текше метр су тарта алады екен.

Виктор Галай Ойқала ықшам ауданындағы Павлов көшесі, 2 мекен-жайында 30 жыл бойы тұрып келе жатыр. Содан бері су тасқыны оны бірде-бір рет айналып өтпеген екен. Үйінің өзі қатты зардап шекпейді, су ауласына жайылатын көрінеді. Айтуынша жақын маңдағы жыра суға толған соң бері қарай төгіледі. Бұл мәселе биыл шешімін тапқандай. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері Виктор Галайдың үйінің маңына су тартатын насосы бар құдық орнатқан.

Виктор Галай – қала тұрғыны:

–  Мына құдықтың орнатылғаны жақсы болды. Тіпті, жаңбыр жауса да үйге ешқандай су келіп жатқан жоқ. Деңгейі бірқалыпты. Насос автоматы түрде жұмыс істейді екен. Су көтерілсе қосылады, азайса тоқтайды.

Қондырғы сағатына 16 текше метр су тарта алады. Кейін ол арықтармен ағып кетеді.

Павел Булаев, “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” МКК басшысы:

– Насостар электрлік. Егер қайтадан су келіп жатса, автоматты түрде қосылып суды сора бастайды. Қазіргі уақытта қала бойынша осындай 7 құдық орнатылған.

Ойқаладан бөлек қуатты насостармен жабдықталған құдықтар Береке ықшам ауданында да орнатылыпты. Мамандар алдағы уақытта тағы Қапай мен Жұмысшы кентіне қоюды жоспарлап отырмыз дейді.

Бердимурат Баймухан