Ерiктiлер

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Қиын-қыстау кезеңде Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылының тұрғындары мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» жергілікті өкілдері игі істі қолға алды. Олар азық-түлік пен бетперде әзірлеп, күн-түн демей еңбек етіп жатқан тәртіп сақшылары мен дәрігерлерге үлестірді.

Таң атқаннан Бәйтерек ауылының тұрғындары қазан-ошақтың басында жүр. Олар иісін аңқытып бауырсақ пісіруде. Ал мына жақтағылар тәтті-дәмділерді қораптарға салуда. Мұның барлығы көзге көрінбес жаумен күресіп жатқан дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына үлестірілмек.

Сәлкен Сұлтанов – “Тамыр” мәдени-ағарту орталығы” ҚБ төрағасы:

– Бәйтерек мешіті “Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен” қосылып қиын-қыстау кезеңде күні-түні жұмыс істеп жатқан тәртіп сақшылары мен дәрігерлерге қолдау көрсетуді жөн деп шешті. Оларға алғысымызды айтып, аз да болсын тәтті-дәмді әзірлеп жатырмыз.

Бауырсақтар пісті, тәтті-дәмділер әзір. Апаратын дүние бұл ғана емес. Қораптарда бетперде де бар. Енді мұның барлығын «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» жергілікті өкілдері бекеттерде және ауруханаларға жеткізіп, мамандарға таратпақ.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Шаһар айналысында 5 блокпост орналақан. Әрқайсысына тәртіп сақшылар мен ақ халаттылар бекітілген. Бұл жандар – күні-түні кезекшілікте.

Бірінші бекет Бескөл ауылының шыға берісінде орналасқан. Мұндағы қызметкерлер 1 минут та тынықпайды. Олардың бірі жүргізушілердің құжаттарын тексереді, екіншісі дене қызуын тексереді. Мамандар еңбектерін бағалап, ас-су және қорғаныс құралын әкелген жандарға алғыс білдірді.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бескөлдіктер мен «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының» жергілікті өкілдері мұндай игі істі республикалық “Біз біргеміз” акциясы аясында жасап отыр. Бұған дейін жаны жайсан азаматтар осындай қиын сәтте отбасыларынан жырақта жүрген студенттерге де қолдау көрсетіпті.

Сүйіндіков Арман – «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі:

 – Короновирус індетімен күресте шет қалғымыз келмейді. Жақында төтенше жағдайға байланысты Петропавлда қалып, жақындарынан жырақта жүрген ұл-қыздарға азық-түлік апардық.

Шара соңында ұйымдастырушылар осындай игі істі алдағы уақытта да жалғастыратындықтарын жеткізді. 

Ешкенова Дана