ТЖ

Қызыл су Петропавл маңындағы елді мекендерге жақындады

Үлкен көлемдегі қызыл су Петропавлға келді. Нақтырақ айтсақ, арнасынан асқан Есіл өзені бүгінде қала маңындағы елді мекендерге жақындады. Қазір тілсіз жау Прибрежный, Тепличный және Заречный кенттеріне қауіп төндіріп тұр.

Бұл – күні кеше түсірілген кадрлар. Арнасынан асқан Есіл суы Тепличное кентіне жақындады. Құтқарушылар мұндағы бөгетті нығайтып әлек. Шаруаға, тіпті, Ұлттық ұлан сарбаздары тартылыпты. Өйткені, тілсіз жауды бір де бір үйге кіргізбей, ұстап қалу қажет.

Шаһар маңындағы Прибрежный мен Заречныйға да қауіп төніп тұр. Тасқын соңғы аталған кентке апаратын жол мен ішкі көшелердің кей учаскелерін шайған. Салдарынан Заречныймен көлік қатынасы түпкілікті үзілді, яки тұрғындар қалаға тек көпір арқылы жаяу ғана жете алады қазір. Мұнда да дамбы-бөгеттер құм толы қаптармен бекітілген, ал құтқарушы жасақтар – күні-түні кезекшілікте. Ахуал – тұрақты, бірақ әлі де күрделі дейді облыстың бас құтқарушысы. Су тоқтаусыз келіп жатыр.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Соңғы тәулікте Петропавл маңындағы Есіл өзенінің деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді. Бірақ, бұл – әлі соңы емес. Сергеевкадан жіберілген алғашқы толқын Новоникольскіден өтіп, Бәйтерекке жетті. Бүгін таңертең су деңгейінің мұнда бірден 22 сантиметрге артқанын тіркедік. Ол қалаға бүгін-ертең келеді.

Яғни, көктемгі тасқынның шаһардағы шарықтау шегі әлі алда. Қанша дегенмен, кез-келген сценарийге әзірміз дейді Камалов мырза. Саяжайларға келер болсақ, статистика, әзірге, сол қалпы. Қызыл су Есілге жақын орналасқан 2 мыңнан астам учаскеге кірген.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Өзен жағасындағы саяжайларды жыл сайын су басады. Біздің бұл процессті тоқтатар қауқарымыз жоқ. Қолымыздан келетіні – учаске қожайындарын ертерек ескерту. Бұл жұмысты атқардық.

Тағы бір маңызды сұрақ – екінші толқын бола ма, болса қашан? Мамандар оны көрші Ақмола облысынан күтіп отыр. Мұндағы ірілі-ұсақты өзендердегі су деңгейі көтеріліп, бізге қарай бет алуда. Болжам бойынша су алдағы екі аптаның ішінде жетеді. 

Саят Ермек