МТРА жаңалықтары

Қос бағдарламаға өзгерістер енгізілді

Кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға! “Бизнестің жол картасы” бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Бұған дейін аталған жоба 3 бірдей бағыт бойынша жүзеге асырылған болатын. Енді үшіншісі, яғни кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету алынып тасталды. Есесіне, екінші бағыт негізінде жобаға қатысатындардың қатары артты. Себебі, қаладағы іскер жандар үшін бірқатар шектеу өз күшін жойды. Бірақ, сауда-саттық саласындағы бизнесмендер әлі де бағдарлама арқылы несиелендіруге үміт арта алмайды. Несие демекші, кепіл берілетін және субсидияландырылатын кредиттердің сомасы біршама артты. Кезекті “Қарапайым заттар экономикасына” енгізілген өзгерістерге берейік. Бағдарламаға қатысуға болатын салалардың қатары артты, одан бөлек қаржыландыру да көбейді. Егер ел бойынша жобаны жүзеге асыруға 600 млрд бөлінсе, бүгінде бұл қаражат 1 трлн теңгеге дейін жеткен. Тағы бір жаңашылдық ауыл шаруашылығы тауарларын шығаратын немесе өңдейтін кәсіпорындарға қатысты. Өндіріс ошақтарына займды екінші деңгейлі банктардан бөлек, енді Агрокредиттік корпорация да беретін болады.

Эльмира Садвокасова