Халық тарих толқынында

Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды

Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды! 1418 күнге созылған зұлмат соғыстың жауынгерлері – кейінгі ұрпақтың мәңгі есінде. Ел басына күн туған шақта қолына қару алып, жауға қарсы тұрғандардың бірі жерлесіміз Әбутәліп Қашенов. Отан үшін жастайынан от кешкен майдангердің өмірін арна тілшілеріне қызы Нәзипа Тілемесова баян етті. Назар салыңыздар!

Әбутәліп Қашенов үшін қанды соғыс 1941 жылдың қарашасында басталды. Дәл сол уақытта ол 296-шы атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері атанды. 18-дегі жас жігітті майдан бірден есейтті. Қаруластарымен бірге азамат Ржев қаласын фашистик Германия әскерінен қорғады. Орел шаһаранынан 100 шақырым жерде орналасқан Петушки ауылын азат етуге ат салысты. Жаумен кескілескен ұрыстарды осылай тізбектей беруге болады. Олардың барлығы мына марапаттау қағазында жазылған. 5 жыл бұрын атасы Әбутәліп Қашенов туралы деректерді немересі архивтерді ақтарып жүріп, тауыпты. Мұнда майдангердің Ұлы Отан соғысы кезіндегі әрбір шайқасы, жарақаты мен ем алған госпитальдері туралы мағлұмат бар.

Нәзипа Тілемесова – майдангердің қызы:

– Қарашаның 16-сы сол кездегі Ленинград облысына қарасты Новосокольники қаласын қорғау кезінде әкеміз ауыр жарақаттанды. Сөйлей алмай қалыпты. Кейін жағдайы қалыпқа келген соң, 2-ші Прибалтика майданында жаумен күресіпті. 1944 жылдың 16 қаңтарында тағы ауыр жарақаттанып, оны елге қайтарыпты.

Осылайша майданнан тепсе темір үзетін 18-дегі жігіт, 22 жасында ауыр жағдайда оралды. Жақындары Әбутәліп Қашеновтың бұрынғыша қалыпты өмірге оралатынына тіпті күмәнмен қарапты. Бірақ, бірнеше жыл бойы өз басын қатерге тігіп, соғысқан жауынгер беріле қойған жоқ. Өмірге деген құштарлығы оны екі аяғына тік тұрғызды. Азамат жүргізуші болып еңбектеніп, 51-ші жылы отау құрыпты. Тағдыр қосқан қосағымен майдангер 1 ұл мен 4 қызды тәрбиелеген.

Нәзипа Тілемесова – майдангердің қызы:

– Әкеміз бізді таңқалдырғанды жақсы көретін. Жоқтан бар жасап, көңілімізді көтеретін. Жаңа жылға тәтті-дәмдіні үйіп-төгіп әкелуші еді. Анамыз жартысын кейінге қалдырғысы келгенде, ол рұқсат бермейтін. Қиын, жоқшылықтың кезі болды ғой. Соған қарамастан әкеміз осындай сюрприздер жасап тұратын.

Нәзипа Тілемесованың сөзінше, әкесі бірде-бір рет майдан туралы сөз қозғаған емес. Зұлматты жылдарды еске алу ардагерге қиынға соғатын. Әскери фильмдерді де көрмегені сондықтан. Бірақ, 9-шы мамырды Қашеновтар жанұясы ерекше атап өткен. Отбасы үшін мейрамның Жаңа жыл мен кез келген туған күннен орны бөлек болған, әлі де солай дейді майдангердің қызы.

Нәзипа Тілемесова – майдангердің қызы:

– Әкеміз өмірден озған соң, анамыз бізді әрдайым зират басына апаратын. Әрбір Жеңіс күнінде сонда барып, біздің батырымызды құттықтайтынбыз. Анамыз дүние салғаннан кейін де, осы дәстүрге берікпіз. 9-мамыр ата-анамыздың басына барып, аят оқытамыз.

Әбутәліп Қашенов 58 жасында өмірден өтіпті. Жауынгердің майдан даласында алған әрбір жарақаты жылдар өте сыр берген екен. 

Эльмира Садвокасова