Қоғам

86 мыңға жуық солтүстікқазақстандық 42 500 теңге алған

Соңғы мағлұматтарға сәйкес 42 500 теңге 86 мыңға тарта солтүстікқазақстандыққа берілген. Тағы 8,5 мыңға жуық жерлесіміздің өтінімі қаралып жатыр. Ал сол өтінімдердің жалпы саны 160 мыңға жуықтайды.

Еске салсақ, бұл қаржылай қолдауға төтенше жағдайдың салдарынан жұмыссыз қалып, табысынан айырылғандар ие бола алады. Алайда, оны рәсімдеу барысында ЖСН не банк шотының нөмірін дұрыс көрсетпейтіндер әлі аз емес. Енді мұндай жағдайда мамандар азаматқа хабарласып, олқылықтарды түзетуге көмектесетін болады. Ал жәрдемақыны заңсыз рәсімдедім дегендер оны арнайы шотқа аударып, қайтарып бере алады. Айта кеткен жөн, қазір желіде 42 500-ді жалған дерек көрсетіп алғандар соңынан қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген ақпарат таралуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook-тегі парақшасында мұны жоққа шығарып, бұл үшін ешкімнің сотталмайтынын мәлімдеді.

Біржан Нұрымбетов – ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Біз өтініш беру тәртібін халықтың сұрауы, талабы бойынша барынша қарапайымдаттық, жұмыс беруші өтінішінде қызметкерлерімді ақысыз демалысқа жібердім деп көрсетті, біз оған сендік. Ал олай болмаса, жұмыс беруші жауап береді, оны біз кейін тексеріп аламыз… Халық 42500-ге өтініштерін еріккеннен беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да, басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым таза халықты артынша тексеріп жатпаймыз.

Саят Ермек