Әр түрлі

6,5 млн сиг балығы Петропавл су қоймасына жіберілді

44 жарым млн. Биыл жергілікті балық питомнигінің мамандары сиг тұқымды су жәндігінің осынша дернәсілін өсірген. Бүгін олардың 6 жарым млн-ы Петропавл су қоймасына жіберілді. Ал қалғандары алдағы уақытта өңір аумағындағы өзге де өзен-көлдерге босатылмақ.

Бұл – сиг тұқымды балық. Дернәсілдер бүгін Петропавл су қоймасына жіберіледі. Босатылмас бұрын оларды арнайы комиссия тексерді. Талап бойынша кішкентай балықтардың ұзындығы небәрі – 1 см, ал салмағы 1-2 миллиграмды құрауы тиіс.

Тексеріс аяқталды, комиссия дернәсілдерді босатуға рұқсат берді. Бұдан соң, мамандар ыдыстар арқылы кішкентай балықтарды арнайы қаптарға салып, ішін ауамен толтырды. Олардың әрбіріне шамамен 100 мыңға жуық су жәндігі сияды екен. Іс барысында аса мұқият болған жөн. Ұқыптылық танытпасаң суды төгіп, сигтарды өлтіріп алуға болады.

Ерлан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Бұл сиг балықтарын өткен жылдың қараша айында өсіре бастадық. Уылдырықты Ақмола мен Қостанай облыстарының және өлкеміздегі өзен-көлдерден жинадық. Дернәсілдерді су қоймаларына мамыр айының басында жібереміз деп жоспарлап отырғанбыз. Күн ерте жылынғасын, шаруаға бүгін кірістік.

Жалпы, мынадай арнайы құрылғының ішінде 44 жарым млн сиг балығының уылдырығы бар екен. Олар +1 градусты құрайтың суда 6 ай бойы инкубацияланады. Нәтижесінде ұзындығы бүгінгідей дернәсіл пайда болады.

Ерлан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Балық өсіру – өте жауапты іс. Оны барынша дұрыс күтіп-баптау керек. Егер азығын уақытылы бермесең және суын ауыстырып отырмасаң, жетілмеуі мүмкін.

Айта кетейік, бүгін мамандар 6 жарым млн дернәсілді Петропавл су қоймасына жіберді. Ал қалғандары алдағы уақытта Сергеев су қоймасына босатылмақ. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 43 млн теңге бөлінген.

Маржан Касымбек